Қазақстан және Ауғанстан ҰОК өкілдері кездесті
АСТАНА.KAZINFORM - Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінде ҚР ҰОК Бас директоры Нұрлан Нөгербек пен Ауғанстан ҰОК Бас хатшысы Мұхаммад Юнус Попалзайдың ресми кездесуі өтті.
Тараптар жаттықтырушылар құрамын даярлау және түрлі білім беру бастамаларын жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Атап айтқанда, кездесу барысында 17-22 маусым аралығында Астанада өтіп жатқан жаттықтырушыларға арналған техникалық курстарға ерекше назар аударылды. Аталған бағдарламаны Қазақстан ҰОК ұйымдастырып отыр. Мамандардың біліктілігін арттыру ХОК-тың Olympic Solidarity бағдарламасының қолдауымен, сондай-ақ UWW және World Boxing халықаралық федерацияларымен бірлесіп жүзеге асырылуда.
ҚР ҰОК мәліметінше, мұндай жобалардың мамандардың кәсіби дамуына, спортшыларды даярлаудың озық әдістемелерімен алмасуға және спорт саласындағы халықаралық байланыстарды нығайтуға ықпал ететіні аталып өтті. Қазақстан ҰОК халықаралық ынтымақтастықты кеңейту ұйым қызметінің басым бағыттарының бірі екенін жеткізді.
– Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті халықаралық ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытып, білім беру бастамаларына ерекше көңіл бөледі. Тәжірибе, білім және үздік тәжірибелермен алмасу спорттың тұрақты дамуына және мамандардың кәсіби деңгейінің артуына ықпал етеді деп сенеміз. Біз үшін Олимпиадалық қозғалысты нығайтуға және спорттағы адами әлеуетті дамытуға мүмкіндік беретін ашық диалог пен өзара іс-қимыл алаңдарын қалыптастыру маңызды, – деді Нұрлан Нөгербек.
Кездесу қорытындысы бойынша екі елдің ҰОК өкілдері әріптестік қатынастарды одан әрі дамытуға, мамандар даярлау саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге және спортты дамытуға бағытталған жаңа бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін білдірді.
Айта кетейік, футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатында А тобында сынға түсіп жатқан Мексика— Оңтүстік Корея кездесуі аяқталды.