«Қазақстан» және «Kazsport» телеарналары маусым айында маңызды спорттық шараларды тікелей эфирде көрсетеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан» және «Kazsport» телеарналары маусым айында бірқатар тартымды спорттық шараларды тікелей эфирден көрсетеді, деп хабарлайды «Қазақстан» РТРК баспасөз қызметінен.
None
None

Атап айтқанда, 12 маусым күні Алматы қаласының Орталық стадионында EURO-2016 іріктеу матчына Қазақстан мен Түркияның Ұлттық құрамалары арасында кездесу өтеді. Бұл Қазақстан мен Түркияның осымен алтыншы кездесуі. «Қазақстан» телеарнасы осы ойынды тікелей эфирде сағат 21.40-та көрсетеді.

Ал 6 маусым күні Оңтүстік Африка Республикасының Кемптон Парк қаласында IBO тұжырымдамасы бойынша кәсіпқой бокстан орташа ауыр салмақ дәрежесінде Әлем чемпионы атағы үшін оңтүстікафрикалық Томас Устуизен мен жаңазеландиялық Роберт Берридж арасындағы жекпе-жек өтеді. Аталмыш бокс кешінің аясында шаршы алаңға шығатын былғары қолғап шеберлері арасында 21 жасар қазақстандық Роман Жайлауов та бар. Ол өзінің кәсіпқой рингтегі 15-ші кездесуін оңтүстікафрикалық Луянда Жакоға қарсы өткізеді. Сегіз раундтан тұратын рейтингтік бұл жекпе-жек Жайлауов үшін шеберлігін шыңдауға берілген тағы бір мүмкіндік. Бұған дейінгі өткізген 14 кездесудің 8-ін талантты қазақстандық нокаутпен аяқтаған болатын. Роман Жайлауовтың Луянда Жакоға қарсы жекпе-жегін 6 маусымда «Kazsport» телеарнасы 23.30-да тікелей эфирде көрсетеді.

12-14 маусым күні «Kazsport» телеарнасы волейболдан ұлттық құрамалар арасында өткізілетін жыл сайынғы дәстүрлі Әлемдік лига ойындарынан көрсетілімдер сериясын бастайды. Айта кетейік, биыл Қазақстан ерлер құрамасы Әлемдік лигаға алғаш рет қатысқалы отыр. Біздің спортшыларымыз жарыс жолын үшінші дивизиондағы топтық кезеңнен бастамақ. Олардың қарсыластары Мысыр, Венесуэла және Испания командалары болады.

Турнирдің бірінші кезеңі 12-14 маусым аралығы Тараз қаласындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде өтеді. Матчтар Астана уақыты бойынша сағат 14.50-де және 18.20-да басталады. Екінші кезең 19-21 маусым аралығында Мысыр астанасы Каир қаласына жоспарланған. Әлемдік дивизионның Қазақстан құрамасы қатысатын барлық кездесулерін «Kazsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетуді жоспарлауда.

Әлемдік лига - ерлер құрамалары арасында 1990 жылдан бастап жыл сайын өткізілетін халықаралық ірі коммерциялық турнир. Бұл жылғы жарыстың финалдық кезеңі 18-19 шілде күндері Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтеді.

Соңғы жаңалықтар