Қазақстан жанкүйерлері УЕФА рейтингінде 5-орын алды
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015/16 маусымындағы УЕФА фэйр-плейінің рейтингі жария етілді. Ол 2015 жылдың 1 мамыры мен 2016 жылдың маусымы аралығында УЕФА қамқорлығымен өткен клуб және құрама ойындарын қамтиды.
Есепті кезеңде қазақстандықтар 87 ойынға қатысты. Бұл жайында ҚазАқпарат Қазақстан Футбол федерациясына сілтеме жасап хабарлайды.
Жаңа регламентке сәйкес, фэйр-плейдің бірден бірнеше рейтингі әзірленеді. Жеңімпаз үш санат бойынша анықталады: көрерменнің тәртібі, маусым ішіндегі барынша жоғары ілгерілеушілік және фэйр-плейдің жалпы рейтингі.
Көрерменнің тәртібі бойынша еліміз 8,617 ұпай жинап, бесінші орынға тұрақтады. Ал бастапқы төрт орында Эстония, Исландия, Норвегия және Уэльс елдері тұр. Бұл көрсеткіште Қазақстан Испания, Англия, Франция, Германия сынды көптеген елдің алдын орады.
Маусым ішіндегі барынша жоғары ілгерілеушілік санатында Қазақстан 9-орында тұр. 2016 жылғы маусыммен салыстырғанда еліміз 2016 жылы 0,379 балл жинады. Бұл санатта Беларусь көш бастаса, екінші орында Әзербайжан, ал үздік үштікті Латвия тұйықтаған.
Фэйр-плейдің жалпы рейтингінде Норвегия 8,469 ұпаймен бірінші орында. Одан кейінгі орындарға Финляндия мен Швеция жайғасқан. Қазақстан 15 сатыда еліміздің жалпы ұпайы - 8,258 балл.
УЕФА рейтингі жеңімпаздарына 50 мың еуро бөлді. Қаржы әділ ойын мен құрмет көрсету жобаларын жүзеге асыруға жұмсалады. Биыл мұндай көлемдегі қаржы Эстония, Беларусь және Норвегия елдеріне бұйырды.