Қазақстан жасөспірімдерінің 3% күн сайын энергетикалық сусын ішеді – зерттеу

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесіп, 11, 13 және 15 жастағы оқушылардың тамақтану әдеттеріне зерттеу жүргізді. Нәтижесі «Қазақстан оқушыларының өмір салты факторлары, олардың физикалық, психикалық денсаулығы мен әл-ауқаты» ұлттық есебінде жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Оқушылардың 61,1% күн сайын сабақ күндері таңғы асын ішеді. 15 жасқа қарай қыздардың үштен бірі және ұлдардың шамамен 1/5 бөлігі таңғы ас ішпейді. 2018 жылы жүргізілген алдыңғы зерттеумен салыстырғанда, күн сайын таңғы ас ішетін балалардың үлесі 62,6%-дан 61,1%-ға дейін төмендеді.

Төрт жасөспірімнің бірі күн сайын жеміс жейді (26,5%), ал көкөністерді балалардың үштен бірі (36,1%) жейді. Қыздар көкөністерді жиі тұтынады. 2022 жылы жемістерді (10 пайыздық тармаққа) және көкөністерді (6 пайыздық тармаққа) күнделікті қабылдау деңгейі төмендеген.

Жасөспірімдердің 14,4%-ы күн сайын құрамында қанты бар газды сусындарды пайдаланады. Ұлдарда бұл көрсеткіш қыздарға қарағанда жоғары, 15 жасқа қарай тәттілендірілген сусындарды күнделікті тұтыну артады. Апта сайын (күніне 1 реттен 5-6 ретке дейін) балалардың 66,6%-ы қантты сусындар ішеді.

Дәстүрлі түрде кәмпиттер мен шоколадты күнделікті тұтыну ұлдарға (22,9%) қарағанда қыздарда (30,4%) жоғары.

Жасөспірімдердің көпшілігі аптасына 1 реттен аз немесе энергетикалық сусындарды мүлдем қолданбайды. Дегенмен балалардың 3%-ы күн сайын энергетикалық сусындар ішеді. 17,5%-ы аптасына бір реттен 5-6 ретке дейін энергетиктер ішеді. Олардың ішінде ұлдар – 19,1%, қыздар – 15,8%.

«Осылайша, апта сайын жасөспірімдердің 1/5 бөлігі (20,5%) зиянды сусындар ішеді», - делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар