Қазақстан жасөспірімдер құрамасы шпагамен семсерлесуден әлем кубогы кезеңінде үздік шықты

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Манама қаласында (Бахрейн) шпагамен семсерлесуден әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы атанды.

семсерлесу
Фото: ҰОК

Ел құрамасы сапында Ғабиден Мұстафин, Нұржан Әбжанов, Кирилл Проходов және Алексей Касаткин өнер көрсетті. 

Соңғы екі жыл қатарынан күміс жүлде алған команда биыл тұңғыш рет чемпиондық атаққа қол жеткізді.

Қазақстандықтар 1/8 финалда Үндістан құрамасын 45:35 есебімен тізе бүктірді. Ширек финалда Сауд Арабиясынан 45:36 есебімен басым түсті. 

Жартылай финалда Қытайды 45:25 есебімен ойсырата ұтты.

Алтын жүлде үшін соңғы бәсекеде Франциямен кездескен Қазақстан құрамасы ұтылып жатып, жеңісті жұлып алды – 44:43.

Қыздар арасында Каролина Фомина, Кристина Красикова, Наталья Зинякова және Арина Яковлева Қазақстан намысын қорғап, төртінші орыннан көрінді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан құрамасының шпагамен семсерлесуден әлем кубогы кезеңінде күміс жүлдеге ие болғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар