Қазақстан жастары конгресі өткен сайлауға байланысты мәлімдеме жасады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан жастары конгресінің» атқарушы директоры Айдын Сәбитов 20 наурызда өткен сайлауға байланысты мәлімдеме жасады.

Қазақстан жастары конгресі өткен сайлауға байланысты мәлімдеме жасады

«Нұр Отан» партиясы кезектен тыс сайлауда айқын жеңіске жетті. Партияның басты ұраны бірлік, тұрақтылық, жасампаздық екенін білесіздер және бұл құндылықтарға барша Қазақстан халқы үлкен қолдау білдірді. Қазақстан жастары және «Қазақстан жастары конгресінің» атынан Ұлт көшбасшысы мен «Нұр Отанды» айқын жеңісімен құттықтағым келеді», - деді ол.

Н. Сәбитовтың сөзіне қарағанда, барлық қазақстандықтар сайлауға белсенді қатысуы арқылы мемлекеттік саясатты, бес институционалды реформаны қолдайтындығын нақтылап, еліміз дұрыс бағытта келе жатқандығын және болашақта Қазақстан әлемнің дамыған отыз елінің қатарына қосылу мақсатына жететіндігін көрсетті. Сонымен қатар, ол халықаралық сарапшылар тарапынан айтылып жатқан пікірлер өткен сайлаудың дұрыстығын көрсеткендігін атап өтті.

«Жастар үшін сайлау кезеңі ерекше маңызды. Өздеріңіз білесіздер, қазақстандықтардың басым бөлігі, әсіресе, жастар дауыс беруге белсенді қатысты. Барлық конституциялық нормалар мен құқықтарды сақтау біздің алдымызда тұрған басты міндет. Менің ойымша, біз сайлауды дұрыс бағытта өткіздік және жақсы нәтижелерге қол жеткіздік», - деді ол.