Қазақстан жастары конгресінің өкілдері Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен кездесті

None
None
АСТАНА. Мамырдың 20-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Қазақстан жастары конгресінің өкілдері Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған Ассамблея өкілдерімен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Шараның мақсаты - Қазақстан жастары конгресі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының арасында байланыстарды жетілдіру болып отыр. Отырыс барысында күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде сөз қозғаған Конгресс өкілдерінің пікірлеріне қарағанда, олар Ассамблея өкілдері жастарға рухани-адамгершілік құндылықтар тұрғысында тәлім-тәрбие берулері қажет деп есептейді. Сондай-ақ олар жастардың бойындағы өз еліне деген отансүйгіштік, патриоттық сезімдерді қалыптастырып, ұлтаралық, ұлысаралық қарым-қатынаста төзімділік пен мәдениетті сақтай білуге үйретулері қажет. Өз кезегінде бұл Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясының XII съезінде мемлекет алдына қойған басты міндеттерінің бірі болып табылады. Отырыс барысында мемлекет қалыптастырудағы жастардың атқаратын рөліне тоқталған Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов: «Баршаға мәлім Елбасы жақында өткен «Нұр Отан» партиясының XII съезінде дағдарыстан шығу үшін бірінші кезекте елімізде бірлік пен ынтымақты сақтау қажеттігін атап көрсетті. Бұл міндетті орындауда бейбітшілік пен келісімнің кепілі ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы мен қоғамның жаңашыл да ең белсенді мүшелері - жастарға артылар үміт зор. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан жастары конгресінің мүшелері Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынып, еліміздегі 250-ден астам жастар ұйымдарының басын қосып отырған ұйым ретінде Президент алдыға қойған міндеттердің тиісті шешімін табуына белсенді атсалысулары қажет», деп атап көрсетті. Кездесу барысында жастар мен Ассамблея өкілдері жастар тәрбиесі мен ауыл жастарына қолдау көрсету, оларды жұмыспен қамту және кейінгі ұрпақтың ана тілдерін жетік білетін жағдайға жеткізу сияқты мәселелер негізінде өзара пікір алмасты.
Соңғы жаңалықтар
telegram