«Қазақстан жастары ядролық қаруға қарсы!» атты акция өтеді
Бұл туралы бүгін Алматыда шараны ұйымдастырушы «Невада-Семей» Халықаралық антиядролық қозғалысының өкілдері мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Акция антиядролық қозғалыстың 20 жылдығына арналған мерекелік шаралар аясында өткізілмек. Қозғалыстың төрағасы Олжас Сүлейменовтың айтуынша, қозғалыстың мақсаттарының бірі - жастарды антиядролық күреске шақыру. «Ядролық қауіптің алдын алу үшін күрес енді қазақ жастарының қолына өтуі тиіс», деді О.Сүлейменов.
Аталмыш шараға дейін-ақ Қазақстанның түкпір-түкпірінен мыңдаған жастар, оның ішінде студенттер, жоғарғы сыныптың оқушылары қолдау білдіріп, үндеуге қол қойған. Осы жылдың аяғына дейін қол қойылған Үндеу электрондық нұсқада БҰҰ Бас Ассамблеясына жіберіледі.
«Бұл шара әлемдік деңгейдегі халықаралық ұйымдардың ішінде тұңғыш қолға алынып отыр. Жалғасын тауып жатса, біз 20 жыл бұрын маңызды мәселені алғаш көтергеніміздей, тағы бір ерлік жасаймыз, «Әлем жастары ядролық қаруға қарсы!» - деді Олжас Сүлейменов.
Қозғалыстың атқарушы директоры Виктор Салиевтің айтуынша, бұл антиядролық күрес Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етудегі беделін арттырары сөзсіз.