Қазақстан жастарын қандай мәселелер мазалайды

«Қазіргі уақытта жастарды сапалы және қолжетімді білім, жұмыс, баспана, сондай-ақ отбасын құру мәселелері жиі мазалайды. «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының 2018 жылы жүргізген әлеуметтік сауалнамасының нәтижесі көрсеткендей, жастардың 15% жұмысқа орналасу мүмкіндіктері мазалайды, ал 10% - тұрғын үй жағдайларына алаңдайды. Дәл осы негізгі мәселелерді шешуге Елбасы баса назар аударып отыр», - деді А. Хамит.
Ол үшін елімізде жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған шараларды күшейту керек.
«Жұмыс іздеп жүрген жастарға көмек көрсететін еңбек биржаларының, жастар ресурстық орталықтарының жұмысын оңтайландыру қажет. Еңбек нарығында жастарға қолдау көрсетуге маманданатын жастар ұйымдарының жүйелі жарнама науқанына көңіл бөлу қажет, себебі жастар олардың жұмыс бағыттары туралы көп біле бермейді», - дейді әлеуметтанушы.
Сондай-ақ, зерттеуші Жастар жылына орай көптеген салаларда жастарға арнайы қамқорлық көрсетуді ұсынды.
«Жастар елімізде халық санының шамамен төрттен бір бөлігін құрайды. Олар қоғам өмірінің барлық салаларында еңбек етіп, үлес қосып жүр. Өндіріс-өнеркәсіпте, кәсіпкерлікте, ауыл шаруашылығында, ғылымда, өнерде, волонтерлік, туризм, денсаулық сақтау мен спорт және басқа салаларда жастарды қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналуы тиіс. Әсіресе Елбасының жас ғалымдарды қолдау жөніндегі бастамасы өте маңызды. Биыл жас ғалымдарға арнайы қаржылық қолдау қоры құрылып, іргелі және қолданбалы ғылымның дамуына 3 млрд теңге бөлінеді. Бұл - ғылым жолын қуған жастар үшін үлкен мүмкіндік», - дейді Айдар Хамит.