Қазақстан жастарының 3,9 пайызы есірткінің дәмін татқан - зерттеу
«2019 жылдың қыркүйегінде жаңа психобелсенді заттар – синтетикалық есірткілерді тұтыну бойынша наркологиялық жағдайға эпидемиологиялық бағалау жүргізілді. Қазіргі уақытта Психикалық денсаулық орталығымыз ЖИТС, туберкулез және безгекпен күрес жөніндегі Жаһандық қордың қолдауымен елімізде синтетикалық есірткінің 18-34 жас аралығындағы жастар арасында таралуын клиникалық-эпидемиологиялық зерттеуді аяқтады»,- деді Қуаныш Алтынбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның атап өтуінше, екі зерттеудің нәтижелері талданды. Ондағы мәліметтерге сәйкес, синтетикалық есірткіні өмірінде қолданып көрген адамдар саны 6,3 пайыздан 3,9 пайызға дейін азайды. Соңғы 30 күн ішінде синтетикалық есірткіні тұтынып көрген адамдардың саны 2,4 пайыздан 0,6 пайызға дейін төмендеді.
«Халықаралық стандарттарға сәйкес, мұндай зерттеулер үш жылда бір рет жүргізіледі және елімізде 2024 жылы «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы аясында жастар арасында келесі зерттеу жүргізу жоспарланған», - деді ол.
Фото: images.glavred.info