Қазақстан жастарының конгресі ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын қолдап видеоүндеу жолдайды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 9 сәуір күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын өткізу туралы Жарлыққа қол қойған болатын.
Осыған байланысты «Қазақстан жастарының конгресі» қауымдастық нысанындағы заңды тұлғалар бірлестігінің бастамасы бойынша ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын қолдау туралы халыққа видеоүндеу жарияланбақ.
Видеоүндеуге Айдын Жұмахан - «Алар» тобының солисті, Тохтар Болысов - «Қазақстан жастары конгресі» бірлестігінің атқарушы директоры, Варламова Татьяна - Нұр-Сұлтан қаласы «Назарбаев Зияткерлік мектебі» директорының орынбасары, Тілектес Адамбеков - «Eurasia Blockchain Fintech Gpour Limited» компаниясының директоры, Гүлмира Шамшетова - жедел медициналық жәрдем қызметінің фельдшері, Бауыржан Расул - 6 жастағы актер түскен.
Видеоүндеу әлеуметтік желілердегі ұйымның ресми парақшаларында, қауымдастық мүшелерінің парақшаларына және ірі пабликтерде жарияланатын болады, сондай-ақ телеарналарда көрсетілмек.
Қауымдастықтың мәлімдеуінше, сайлау біздің мемлекетіміздің демократиялық негізі ретінде жастар үшін қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешудің негізгі тәсілі болып табылуы тиіс.
Жастардың сайлауға қатысуы азаматтық жетілудің, әлеуметтік жауапкершілік пен патриотизмнің көрсеткіші. Жастар сайлауға барынша белсенді түрде қатысып, дауыс беруге ғана емес, еліміздің мемлекеттік саясатын дамытуға қатысу мүмкіндігіне ие болуы керек.