Қазақстан жастарының Конгресі Мемлекет басшысы Н. Назарбаевты сайлаудағы айқын жеңісімен құттықтады
АСТАНА. 5 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақстан жастарының Конгресі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауындағы айқын жеңісімен құттықтады.
"Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, айтулы додадағы айбынды жеңісіңізбен құттықтауымызды барша қазақ жастарының атынан қабыл алыңыз. Біз Сіздің жеңісіңізге бірде бір сәт күмән келтірген емеспіз. Жастар қашанда Сіздің жанашырлық қасиетіңізді жоғары бағалап, құрмет көрсетуге дайын екендігін жеткізгіміз келеді. Әрдайым халқымыз Сізге күш-қуат беріп, денсаулығыңыз мықты болып, әлі де болса қазақ халқын биік белестерге жетелей беріңіз деген тілегіміз бар. Өзіңіз бастаған сарабдал жол, салиқалы келешекке Сізбен бірге куә болайық, қазақ халқының маңдайынан қуанышты сәттер мен баянды бақыт кетпесін. «Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы» деген ұғым болса, ендігі кезекте «Нұрсұлтанның нұрлы жолы» деген ұранмен көш басына ілгерлей берейік. 2001 жылы Өзіңіздің бастамаңызбен қазақ жастарының басын біріктіретін ұйым ретінде құрылған «Қазақстан жастарының Конгресі» бүгінде еліміздің жастарын Сіздің саясатыңыздың қол астына біріктіру жолында жұмыс жасап келеді. Біз әрқашан Сізге қолдау көрсетуге дайынбыз. Біз Сіздің командаңыздамыз. Елбасымен тек қана алға ұмтыламыз!", - делінген құттықтауда.
Құттықтау хатта атап көрсетілгеніндей, соңғы екі жыл еліміз үшін 10 жылға татитын айтулы оқиғалармен тарих беттеріне алтын әріппен жазылды. Еліміздің әлемдік аренадағы орны мен беделі одан әрі нығая түсіп, Елбасының басқаруымен киелі ұлт, қаһарман халық шеті жоқ дамудың даңғыл жолымен ілгері қадам басып барады. Үстіміздегі жылдың 3 сәуірі бүкіл халықтық мерекеге айналып, тағы да әлем жұртшылығының назары Еуразия кеңістігінің жүрегінде орналасқан қасиетті мекенге ауды. Бұл айтулы күн қазақ халқының бірлігі бекем, ауызбіршілігі мол, мызғымас ұлт екенін тағы бір дәлелдеп берді. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бір ауыздан қазақ халқына басшылық етуге Елбасы ғана лайық екендін айнымай танып, сезіне білді.
"XVI ғасырда қазақ халқы Абылайды хан етіп көтерсе, ХХІ ғасырда өз халқыңыз Сізді Президент етіп қайта сайлады. Бұдан халықтың Сізге деген асқан сенімділігін, әрдайым қолдау көрсетуге дайын екендігін көруге болады", - делінген құттықтауда.