Қазақстан «жасыл» экономикада Финляндияның тәжірибесін енгізеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан «жасыл» экономиканы дамытуда Австрия, Финляндия және Латвияның тәжірибелерін пайдаланады. Бүгін «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы» халықаралық форумы барысындағы  баспасөз мәслихатында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Форум барысында «жасыл» технологиялар саласында Австриядағы Технологиялар институтымен, KaukoInternational Group атты фин компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

«Аталған екі ұйыммен меморандумға не үшін қол қойылды деген сұраққа жауап беретін болсақ, мәселен, «Каукоинтернэшнл» - ол фин компаниясы екенін белгілі. Ал Финляндия әлемдегі ең «жасыл» елдердің бірі. Оларда қалдықтарды өңдеу деңгейі 98 пайызды құрап отыр. Қазақстандағы деңгейге тоқталсақ,  өнеркәсіптік қалдықтар бойынша 26, тұрмыстық қалдықтар тұрғысында 2-3 пайызды қамтуда. Сондықтан осында бірнеше апта бұрын Финляндия президенті сапарлаған кезінде, яғни Финляндия павильонын ашу барысында  мемлекет басшылары елімізде аталған мемлекеттің тәжірибесі енгізілетіндігіне уағдаласты»,-деді Бозымбаев.

Бұл бағытта ол үкіметаралық комиссияның тең төрағасы болып табылатындығын айта келе,  фин министрімен ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша 6 жұмыс тобын құрғандығын жеткізді.

«Бүгін қол қойылған құжат бір бағыт бойынша жұмыстың нәтижесі. Сондықтан «жасыл» экономиканы дамытуда фин технологиясын, компанияларын тартуға тиіспіз деп ойлаймыз. Австрия Технологиялар институты жайында барлығы біледі, себебі ол әлемде «жасыл» экономика мен энергетиканы дамыту тұрғысында алдыңғы қатарлы ұйым. Оларда бірегей жобалар бар және біз осыларды елімізде қолдана алар едік»,-деп тоқталды министр.

Мұнымен қоса, Қанат Бозымбаев қалдықтарды өңдеуде Латвияның тәжірибесін зерттеу бойынша жоспарлар бар екенін де айта кетті.

Соңғы жаңалықтар