Қазақстан Жасыл климаттық қордан 280 млн доллар қаржы алмақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Жасыл климаттық қордан 280 млн доллар қаржы алмақ. Бұл туралы бүгін «Әйелдер болашақтың энергиясын қолдайды» атты халықаралық форумы аясындағы баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Мәдина Әбілқасымова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, Қазақстан БҰҰ даму бағдарламасы мен Еуразиялық қайта құру және даму банкімен бірлесіп Жасыл климаттық қордан қаржы алуға өтінім берген.

«Жасыл климаттық қорға қатысты айтар болсам, бұл - өте маңызды бастама. Шамамен 280 млн доллар сома алуға арналған өтінім бір жылдан астам уақыт бойы дайындалды. Егер де ол мақұлданатын болса, онда біз түрлі секторлардағы жобаларды жүзеге асыру үшін жеңілдетілген қаржы ала алатын едік. Бұл ретте құрылыста, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында және басқа да салаларда энергия үнемдейтін технологияларға, энергия тиімділігін арттыруға басымдық берілетін болады», - деді вице-министр.

Сонымен қатар ол алдағы 3-4 жылдың ішінде дамушы және дамыған елдердің энергия теңгерімінде жаңаратын энергия көздерінің үлесі күрт асатындығы болжанып отырғандығын айтты.

«Болжамға сәйкес күн және жел энергиясының үлесі 2014 жылғы 9 пайыздан 2030 жылы 22 пайызға дейін артады. 2030 жылға қарай тек күннен алынатын энергия қуаты 2012 жылға қарағанда 13 есеге артатындығы болжануда. 2015 жылы жаһандық инвестицияның 30 пайызы жаңаратын энергия көздері мен энергия тиімділігі секторына салынған болатын», - деді Әбілқасымова.

Айта кетейік, форум жұмысына әлемнің 25 елінен 300-ден астам делегат қатысуда. Олардың арасында ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова,  РФ Федералды жиналысының Федерация кеңесі төрайымының орынбасары Галина Карелова, Беларусь Президенті Әкімшілігінің басшысы Наталья Кочанова, Қырғызстанның вице-пермьер-министрі  Чолпан Сұлтанбекова, Жаһандық әйелдер саммитінің президенті Ирен Нативидад, жасыл экономика мен баламалы энергетика саласындағы әлемдік әйелдер қауымының, мемлекеттік органдардың, бизнес саласының, үкіметтік емес ұйымдар мен Қазақстан әйелдер қоғамдастығының өкілдері бар.

Соңғы жаңалықтар