Қазақстан жасымық экспорты бойынша әлемде үздік бестікке кірмек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан жасымық экспорты бойынша әлемде үздік бестікке кірмек. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда майлы және бұршақ дақылдарына сұраныс артып келеді.
«Майлы дақылдарды сатудағы дәстүрлі нарық Еуропа болып отыр. Айта кетерлігі, Қазақстан майлы және бұршақ дақылдардың экспортын арттыруда. Ағымдағы жылы жасымық бойынша да жақсы нәтиже бар. Өткен жылы біз жасымық экспорты бойынша әлемде 6-шы орында болсақ, биыл 4-5-ші орынға көтерілеміз деп жоспарлаудамыз», - деді бірінші вице-министр.
Сонымен қатар ол Қазақстан астығының дәстүрлі нарығы Орталық Азия елдері мен Ауғанстан болып қала беретіндігін баса айтты.
«Ағымдағы жылы да осы дәстүрлі нарықтар қала береді. Дегенмен, біз бұған дейін экспортқа шығармаған дақылдар бойынша да жаңа нарықтарға шығудамыз. Жоғарыда атап өткен жасымықтан бөлек ноқат, асбұршақты экспортқа шығармақпыз. Бүгінде бұл бұршақ дақылдары сұраныс өте жоғары», - деді ол.