Қазақстан Женевада өткен ақпараттық коммуникация технологиялары мамандарының жоғары деңгейдегі бүкіләлемдік форумына қатысты

Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінен мәлім етті.
АҚЖДБК Форумында ақпараттық коммуникация технологиялары (АКТ) саласының негізгі қатысушылары аталмыш саладағы жаңа қосымшалар мен болашақ жобалары бойынша өзара пікір алмасу, тәжірибемен бөлісу және әріптестік орнату мақсатында бас қосты.
Жоғары деңгейдегі Бүкіләлемдік кездесулер 2003 жылы Женевада, 2005 жылы Тунисте «Ақпараттық қоғамдастықты құру - жаңа мыңжылдықтағы ғаламдық міндет» атты Декларация қағидаттары әзірленіп, қабылданған соң, жыл сайын өткізіле бастады.
Форум аясында қазақстандық делегация ақпараттық қоғамды дамыту саласы бойынша өздерінің жетістіктерін жариялаған көрмеге қатысып, «Қазақстанда электрондық үкіметті дамыту және ақпараттық қоғамды құру» атты семинар ұйымдастырды.
Қазақстан БҰҰ-ның рейтингісінде «электрондық үкіметті» дамыту бойынша қарқынды түрде дамып келе жатқан ел ретінде көпшілік тарапынан қызығушылық тудырды.
Естеріңізге салып өтейік, БҰҰ-ның соңғы рейтингісіне сәйкес «е-қатысу» индексі бойынша ұйымға мүше 190 елдің арасында Қазақстан Сингапурмен бірге 2-ші орынды бөлісті (2005 жылы - 31 орын). «Электрондық үкіметті дамыту» индексі бойынша біздің ел үстіміздегі жылы 38-ші орынға көтерілді. 2005 жылы 65 орынды иемденген едік.
Семинар барысында ««Зерде» Ұлттық инфокоммуникациялық холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Бикеш Құрманғалиева және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Руслан Еңсебаев, электрондық үкіметті құру және дамыту бойынша өз тәжірибелерімен бөлісіп, инфрақұрылымды құру, жобаны жүзеге асыру кезеңдері және www.egov.kz . порталымен жұмыс істеу туралы айтып берді.
Бүгінгі күні Қазақстанда «электрондық үкімет» жобасы аясында 2 мыңнан астам ақпараттық, 225 интерактивті және транзакциялық қызметтер көрсетілуде. Күн сайын 25000 пайдаланушы eGov порталын пайдаланады. 1 млн.-нан астам электрондық қолтаңба (ЭЦҚ) берілді. Осы қолтаңбаның көмегімен азаматтар интернет арқылы мемлекеттік қызмет көрсетулерді алады. Е-қызметтердің ішінде ең көп сұранысқа ие - айыппұл мен салық төлеу, жылжымайтын мүліктің жоқтығы туралы, зейнетақы салымдары туралы анықтама және т.б. Ағымдағы жылдың соңына дейін жаңа е-қызметтерді іске қосу жоспарлануда. Олардың қатарында жеке басты куәландыратын құжаттарды қайта шығару қызметі бар.
Ақпараттық анықтама: Қазақстан Республикасында «электрондық үкіметті» құру Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған болатын. Е-үкіметті енгізу бағдарламасы Президенттің 2004 жылғы 10 қарашадағы Жарлығымен бекітілді.
2004-2006 жылдар аралығында «электрондық үкіметтің» веб-порталы мен шлюзі, ведомствоаралық электрондық құжат айналымы куәландырушы орталықтар, бірыңғай тасымал орта, жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік деректер қоры іске қосылды.
www.egov.kz порталы өз жұмысын 2006 жылғы 12-ші сәуірде бастады. Іске қосу кезінде әр түрі мемлекеттік органдардың қызметін қамтыған 377 ақпараттық қызмет іске асырылды. 2007-2009 жылдар аралығында транзакция жүргізуге мүмкіндік беретін «электрондық үкіметтің» төлем шлюзі бойынша жұмыстар жүргізілді. Порталда «Е-лицензиялау» бойынша деректер қоры мен алғашқы интерактивті қызметтер іске асырылды.
Бүгінгі күні «электрондық үкімет» жобасы аясында 2000 нан астам ақпараттық, 225 интерактивті және транзакциялық қызметтер ұсынылуда. Порталда 154 120 пайдаланушы тіркелген және күн сайын 25 000 адам порталды пайдаланады. Электрондық үкімет іске қосылған 6 жылдың ішінде 11 200 000 е-қызмет көрсетілді. Олардың 1 200 000нан астамы үстіміздегі жылы көрсетілді. 2012 жылғы 1-ші сәуірден бастап www.elicense.kz е-лицензиялау порталында лицензиялардың барлық түрі тек электрондық нұсқада беріледі.
www.egov.kz порталында ең көп сұранысқа ие электрондық қызмет - жылжымалы мүлікке қатысты анықтама. Жылжымайтын мүліктің бар (жоғы) туралы және жеке тұлғаның жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтары туралы анықтаманы алу үшін, аталған қызмет іске қосылған 2009 жылдан бастап 6 миллион өтінім келіп түскен.
БҰҰ-ның әр екі жыл сайын өткізілетін ғаламдық зерттеу деректеріне сәйкес 2012 жылы Қазақстан 8 деңгейге көтеріліп, (2010 жылмен салыстырғанда)192 орынның ішінде 38-ші орынға ие болды. Бұдан өзге, онлайн-қызмет индексі 10, телекоммуникация инфрақұрылымының индексі 14 деңгейге артты. Е-қатысу индексі бойынша Қазақстан Сингапур елімен бірге екінші орынды иеленді.
2013 жылдың басына қарай әлеуметтік маңызға ие қызметтердің 60%-ын, 2014 жылға қарай - 100%-ын электрондық нұсқаға көшіру көзделуде. Сонымен бірге, 2012-2014 жылдары «электрондық үкімет» порталының архитектурасы мен шлюзін модернизациялау және тұрақтандыру, ықпалдастырылған қызметтерді іске асыру, Android және iOS платформаларына арналған «Мобильдік үкімет» қосымшасын әзірлеу жұмыстары жүргізіледі.