Қазақстан жер қойнауын пайдалануда 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін жергілікті қамтудағы міндеттемелерін сақтайды - М.Мырзағалиев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан жер қойнауын пайдалануда 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін жергілікті қамтудағы міндеттемелерін сақтайды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте еліміздің Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлім етті.

Қазақстан жер қойнауын пайдалануда 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін жергілікті қамтудағы міндеттемелерін сақтайды - М.Мырзағалиев

Бүгінгі брифингте Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі мәселесі сөз болатындығын атап өткен ол тақырып аясында ұйымға мүше болудың мұнай-газ және машина жасау салаларындағы отандық кәсіпорындарға тигізетін әсері мен Үкімет тарабынан көрсетілетін қолдауларға тоқталды.

«Өздеріңіз білетіндей, ДСҰ-ға мүше болу процесінің Қазақстанның экономикалық дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін маңызы зор. Алайда кез келген процестің екі жағы қатар жүретінін барлығымыз жақсы білеміз. Осы орайда ұйымға мүше болу бір жағынан отандық тауар өндірушілердің мүмкіндіктерін арттырса, екінші жағынан сынақ болып есептелінеді», - деді ол.

Себебі, вице-министрдің атап өтуінше, бұл ұйымның ережесі жергілікті қамту мәселелесінде мемлекеттік қолдаудың механизмдерін пайдалануға айтарлықтай шектеулер қояды.

«Дегенмен, Қазақстан жер қойнауын пайдалану мәселесінде 2021 жылдың 1 қаңтарына дейінгі өтпелі кезеңнің шарттарын пайдалана отырып, қолданыстағы келісімшарттардағы жергілікті қамту бойынша міндеттемелерді сақтап қала алды», - деді М.Мырзағалиев.

Оның сөзіне қарағанда, аталған шарт 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін немесе аяқталу уақытының бастапқы мерзіміне дейін жасалған келісімшарттарға қатысты қолданылады.