Қазақстан жерін басып өткен Қытайдың жүк пойызы Лондонға жетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлыбританияға бет алған Қытайдың алғашқы сынамалы жүк пойызы 18 қаңтарда Лондонның еурохабы - Баркингке жетті, деп хабарлайды Railway Gazette.

Қазақстан жерін басып өткен Қытайдың жүк пойызы Лондонға жетті

Тауарларға сұраныс нарығы анықталған соң, бұл бағыт 2-3 ай көлемінде апта сайын жүреді деп күтілуде. Теміржол тасымалына 18 күн кетті, бұл мерзім теңіз жолынан екі есе аз және әуе тасымалынан айтарлықтай арзан.

12 мың шақырымнан асатын пойыз жолы Қазақстан, Ресей, Беларусь, Польша, Германия, Бельгия, Франция және Англия арқылы өтеді.

Халық тұтынатын және автокөліктің қосалқы бөлшектері, электроника секілді капиталды қажет ететін тауарлар жіберетін клиенттерге теміржол қызметі ақысы тиімді болады.

Еске сала кетсек, қаңтар айының басында Қытай Қазақстан арқылы Лондонға баратын тұңғыш жүк пойызын жіберген еді.