Қазақстан жеті айда 48,9 млрд доллардың өнімін экспорттады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2022 жылдың жеті айында Қазақстанның сыртқы тауар айналымы 74,3 млрд долларға жетті. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында жәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан жеті айда 48,9 млрд доллардың өнімін экспорттады

«Биылғы қаңтар-шілдеде сыртқы сауда тауар айналымы 36,9% өсіп, 74,3 млрд долларды құрады. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 52,9% артып, 48,9 млрд долларға дейін жетті. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 35,7% ұлғайып, 14,3 млрд долларды құрады. Тауарлар импорты 25,3 млрд долларды құрады. Жалпы, оң сауда балансы 23,6 млрд долларға тең», - деді Әлібек Қуантыров,

Айтуынша, өңдеу өнеркәсібінде оң өсу қарқыны сақталып отыр. Қаңтар-тамыз аралығында өндіріс көлемі 4,8% өскен.

«Соның ішінде 16 өңір бойынша оң өсу көрсеткіші тіркелді. Ең жоғарғы өсу Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Қостанай облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында байқалып отыр.

Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісінің 7,9%, оның ішінде автомобиль жасаудың – 18,2%, электр жабдықтарын жасаудың – 8,3%, азық-түлік тауарлары – 3,5%, сусындар – 7,5%, пластмасса бұйымдары – 5,1%, дайын металл бұйымдары – 2,4%, химия өнеркәсібі тауарларының – 11,8%, киім өндірісінің – 7,1% өсуі қамтамасыз етілді», - деді министр.