Қазақстан жылқы етіне арналған халықаралық ISO стандартын әзірлеуді ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан жылқы етінен жасалатын дайын өнімдерге арналған халықаралық ISO стандартын әзірлеуді ұсынып отыр. Бұл туралы Астанада өткен ет өнімдерінің сапасы жөніндегі халықаралық форумда белгілі болды.
«ҚазСтандарт» РМК бас директоры Мәлік Сәулебайдың айтуынша, бүгінде халықаралық деңгейде жылқы етінен жасалатын дайын өнімдерге ортақ талап жоқ.
– Қазақстанда жылқы еті мен одан жасалатын өнімдерге арналған стандарт қолданылады. Бірақ халықаралық деңгейде мұндай стандарт жоқ. Өнім ISO талаптарына сай стандартталса, оны халықаралық нарықта ілгерілету әлдеқайда жеңіл болады. Сондықтан Қазақстан осы бастаманы көтерді, – деді ол Астанада өткен ет өнімдерінің сапасы жөніндегі халықаралық форумда.
Болашақ құжатқа негіз ретінде ГОСТ 34921–2023 «Ұлттық жылқы еті өнімдері. Техникалық шарттар» стандартын пайдалану ұсынылып отыр.
Қандай өнімдер қамтылуы мүмкін
Ұсынылып отырған халықаралық стандарт жылқы етінен жасалатын дайын өнімдерге арналмақ. Оның аясына қазы, шұжық, жал, жая, ысталған және шұжық өнімдері енуі мүмкін.
Болашақ стандартта өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптар белгіленбек.
Мәлік Сәулебайдың сөзінше, онда еттің құрамы, химиялық сипаттамалары, қауіпсіздігі және адам денсаулығына ықтимал қауіп төндіретін микробиологиялық көрсеткіштер ескеріледі.
– Ең бастысы – жылқы етінен жасалатын өнімдердің қауіпсіздігі мен сапасы. Стандартта қауіпсіздік пен сапаға, еттің құрамы мен химиялық сипаттамаларына қатысты талаптар қамтылады, – деді «ҚазСтандарт» бас директоры.
Бастама әзірге қаралу сатысында. Халықаралық стандартты әзірлеуге кірісу үшін тиісті кіші комитеттің 20 мүшесінің кемінде бесеуі ұсынысты қолдауы керек.
Әзірге Қазақстанның бастамасын Қытай мен Жапония қолдап отыр.
– 20 мүшенің бесеуі қолдап дауыс берсе жеткілікті. Осыдан кейін стандартты әзірлеуге кірісеміз. Негізгі әзірлеуші «ҚазСтандарт» болады. Жұмысқа отандық өндірушілерді, кәсіпкерлерді, сарапшылар мен зертханаларды тартамыз, – деді Мәлік Сәулебай.
Бастама ISO/TC 34/SC 6 «Ет, құс еті, балық, жұмыртқа және олардан жасалған өнімдер» кіші комитетінде қаралады.
Мәлік Сәулебай Қазақстанның жылқы етін өндіру әлеуеті жоғары екенін атап өтті.
Оның айтуынша, өнімді өткізу нарығын кеңейту қажет.
– Қазақстанның әлеуеті зор. Жылқы етін өткізу нарығын кеңейту қажет. Осы бастаманы Сауда және интеграция министрлігі мен Техникалық реттеу және метрология комитетінің қолдауымен көтердік. Барлығы келісілген, – деді ол.
«ҚазСтандарт» халықаралық талаптардың болуы жылқы етінен жасалатын өнімдерді шетел нарығында ілгерілетуге мүмкіндік береді деп есептейді.
Қазақстан жылқы етін ірі көлемде өндіретін елдердің қатарында. Сондай-ақ ірі өндірушілер қатарында Қытай, Моңғолия, Мексика, Ресей және Аргентина бар.
Жылқы етінен жасалатын өнімдердің халықаралық саудасы Еуропа мен Азияның ондаған елін қамтиды. Ірі импорттаушылар қатарында Италия, Қытай, Бельгия, Франция және Жапония аталады.
Жылқы етінің әлемдік нарықтағы мүмкіндігі қандай
«ҚазСтандарт» мәліметінше, жылқы етінде ақуыз мөлшері жоғары, аминқышқылдық құрамы үйлесімді. Оның өзіндік органолептикалық қасиеттері де бар. Сонымен қатар жылқы етінен өнім дайындаудың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі бар, ал бірқатар елде мұндай өнім өндіру мәдени мұраның бір бөлігі саналады.
Мәлік Сәулебай әлемде ақуызға бай өнімдерді тұтыну артып келе жатқанын атап өтті.
– Бүгінде әлемде ақуызға бай өнімдерді тұтыну күрт өсіп келеді. Ақуызға бай өнімдер дұрыс тамақтанудың негізі саналады. Жылқы етінде холестерин мөлшері төмен, тағамдық құндылығы мен ақуызы жоғары. Сондықтан ол лайықты орын алуға тиіс, – деді ол.
Сондай-ақ, ол Қазақстанның қауіпсіз әрі экологиялық таза өнім өндіруге әлеуеті зор екенін де айтты.
Мәлік Сәулебайдың айтуынша, Қазақстан жылқы шаруашылығының ерекшелігін әлемдік қауымдастыққа кеңірек танытуды көздейді.
– Әлемнің бәрі бірдей қазақтардың мінетін жылқысын жемейтінін түсіне бермейді. Бізде бұл – мал шаруашылығының жеке бір бағыты. Осы ерекшелікті әлемдік қауымдастыққа таныстырып, насихаттайтын боламыз, – деді ол.
Қазақстанның ұсынысы қажетті қолдауға ие болса, халықаралық стандартты әзірлеу жұмысы басталады. Негізгі әзірлеуші «ҚазСтандарт» болады. Жұмысқа отандық өндірушілер, кәсіпкерлер, сарапшылар мен зертхана өкілдері тартылады.
Бірыңғай халықаралық талап жылқы етінен жасалатын дайын өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін қамтиды. «ҚазСтандарт» мұндай стандарт қазақстандық өнімді шетел нарығында ілгерілетуге қосымша мүмкіндік береді деп отыр. Қазақстанның бастамасы Астанада өткен ет өнімдерінің сапасы жөніндегі халықаралық форумда таныстырылды. Форум ISO/TC 34/SC 6 «Ет, құс еті, балық, жұмыртқа және олардан жасалған өнімдер» кіші комитетінің 27-пленарлық отырысы аясында ұйымдастырылды.
Айта кетейік, бұған дейін жылқы етін өндірушілер Жапония нарығына шығуды жоспарлап отырғанын жазған едік.