Қазақстан жылқы саны бойынша әлемдегі бес елдің қатарына кіреді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның мал шаруашылығы өркендеп келеді. 2019-2026 жылдары ірі қара мал басы 10,8% – 7,4 млн-нан 8,2 млн басқа дейін, қой мен ешкі – 7,8% - 19,2 млн-нан 20,7 млн басқа дейін, құс – 9,1% - 45 млн-нан 49,1 млн басқа дейін өсті.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім болды.
Ондағы мәліметтерге қарағанда, ең үлкен өсім жылқы шаруашылығы бойынша тіркеліп отыр. Нақтырақ айтсақ, елде жылқы саны 58,6% – 2,9 млн-нан 4,6 млн басқа дейін өскен. Осыған қарай қазір Қазақстан жылқы саны бойынша әлемдегі бес елдің қатарына кіреді.
Сондай-ақ 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша ірі қара мал басы 9 млн басқа, қой мен ешкі – 23,3 млн, құс – 47,8 млн, жылқы – 4,9 млн, түйе – 310,9 мың басқа жетті.
2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында тірі салмақта 1,2 млн тонна ет, 2,7 млн тонна сүт және 3,2 млрд дана жұмыртқа өндірілді.
-Мал шаруашылығын одан әрі дамыту мал басы өнімділігін арттыруды, селекциялық-асылдандыру жұмыстарын жетілдіруді, жемшөп базасын нығайтуды және қайта өңдеу қуаттарын кеңейтуді көздейді. Тауарлы өнім көлемін ұлғайту, оның сапасын және ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін экономикалық тиімділігін арттыру басымдық болып қала береді,-делінген хабарламада.
Осыған дейін елде мал өнімдерін өткізу тәртібі күшейтілетіні туралы жаздық.