Қазақстан ЖІӨ көлемін арттыру үшін ауыл тұрғындарына жағдай жасауы керек - Бишімбаев

Министрліктің баспасөз қызметі хабарлағандай, Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев еңбек күшін тиімді басқару экономикалық өсімді қамтамасыз ету тетігі деп есептейді.
«Министрдің айтуынша, Қазақстанда 2,5 млн адам өзін өзі жұмыспен қамтушылар. Осының ішінде 500 мың адам шағын бизнеспен тұрақты айналысады. Олардың санын көбейтудің бірден бір жолы - микрокредиттеу. Келесі бөлігі - маусымдық жұмысшылар. Ауыл шаруашылығы, құрылыс саласында. Бұл санаттағы жұмыс күші сұранысқа ие болу үшін, кәсіби тұрғыда біліктілік керек. 2017 жылдан бастап тегін кәсіптік-техникалық білім беру басталады. Соңғы үшінші бөлігі ауыл тұрғындары. Оларға өз өнімін нарыққа өткізу - қиындау. Нарықтық қатынасты дамыту үшін инфрақұрылым қажет», - деп атап өтті министрліктің баспасөз қызметінен.
Қазір ауыл шаруашылығы министрлігі шикізат қабылдайтын қызмет көрсетуші кооперативтер ұйымдастыруды қолға алғаны белгілі болды. Сүт, ет, тері алғашқы өңдеуден өткен соң, зауыттарға жөнелтіледі. Біз бұл мәселені McKinsey компаниясымен талқыладық. Олардың есебінше, егер өзін-өзі еңбекпен қамтушы тұрғындардың өндірістік өнімділігін 80 пайызға дейін жеткізсек, алдағы 5 жылда. мұнай мен газды қоспағанда, олар 4-4,5% ЖІӨ өсімін қамтамасыз етеді.
«Экономикалық өсім үшін, қаржылық, материалдық, жер, еңбек т.б ресурстар қажет. Мысалы 2000-жылдары мұнай компанияларының ашылуымен күрт өсім байқалды. Әрине, дамыған елдер жаңа технологияларға бетбұрыс жасап, басымдық береді. Бұл тұста Қазақстан өз артықшылығын ұтымды пайдалануы тиіс. Айналымға жаңа ресурстар енгізу қажет. Мысалы бізде 2 млн га суармалы егін шаруашылығы алқаптары болды. Соңғы 10 жылда көбісі қолданыстан шығып қалды. 1 гектар суармалы егістіктен түсетін, өнім қырдағы тәлімі егістіктен бірнеше есеге артық. Осыны қайта қолға алу керек. Экономикалық айналымға енгізу үшін, инвестиция тарту керек»,- деп атап өтті министр Бишімбаев Forbes Kazakhstan журналына берген сұхбатында.