Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстан жолдарында 1 400-ден астам сервис нысаны жұмыс істейді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жол бойындағы сервисті жүйелі түрде жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінде халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 1 429 жол бойындағы сервис нысаны жұмыс істейді. Бұл туралы Көлік министрлігі мәлім етті.

Қазақстан жолдарында 1 400-ден астам сервис нысаны жұмыс істейді
Фото: Көлік министрлігі

Қазіргі таңда оның 1 340-ы немесе 94%-ы Ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келеді, ал 2026 жылы бұл көрсеткішті 95%-ға жеткізу көзделіп отыр. Жұмыс тек қолданыстағы нысандарды белгіленген талаптарға сәйкестендірумен шектелмей, жүргізушілер мен жолаушылар үшін жаңа инфрақұрылым құруды да қамтиды.

Қазақстан жолдарында 1 400-ден астам сервис нысаны жұмыс істейді
Фото: Көлік министрлігі

Биыл қосымша автожанармай құю станцияларын, қоғамдық тамақтану орындарын және санитариялық-гигиеналық тораптарды салу және орнату жоспарлануда. Санитариялық инфрақұрылымның сапасы мен қолжетімділігіне ерекше көңіл бөлініп отыр.

— Қазіргі уақытта автомобиль жолдарының бойында 170-тен астам модульдік санитариялық-гигиеналық торап орнатылған. Сонымен қатар демалыс алаңдары мен аялдама павильондарында жүргізушілер мен жолаушыларға тәулік бойы қолжетімді 900-ден астам тегін санитариялық нысан жұмыс істейді. Санитариялық нысандарды күтіп-ұстау және пайдалану олардың тиесілілігіне қарай «ҚАЖсервис» ЖШС, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің иелері және жалға алушылар тарапынан жүзеге асырылады. Бұл ретте нысандардың тиісті санитариялық және техникалық жағдайын қамтамасыз ету бойынша күнделікті жұмыстар жүргізіледі, — делінген хабарламада.

Қазақстан жолдарында 1 400-ден астам сервис нысаны жұмыс істейді
Фото: Көлік минирстрлігі

Сонымен қатар Қазақстанда электр көлігін дамытуға қажетті инфрақұрылым қалыптастырылуда. Бүгінде халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 67 электр көлігін қуаттандыру станциясы (ЭЗС) жұмыс істейді. Зарядтау инфрақұрылымы еліміздің көптеген өңірлерін қамтиды. Қолданыстағы желіні кеңейту жұмыстары мердігер ұйымдармен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жалғаспақ.

Қазақстан жолдарында 1 400-ден астам сервис нысаны жұмыс істейді
Фото: Көлік министлігі

Электр көлігінің танымалдығы артып келе жатқанын ескерсек, ЭЗС желісін дамыту ерекше маңызға ие. Елді мекендер арасындағы бағыттарда зарядтау станцияларының болуы электромобильдерді ірі қалалар ішінде ғана емес, өңірлер арасындағы ұзақ сапарларда да кеңінен пайдалануға мүмкіндік береді. Жол бойындағы сервисті жаңғыртудың маңызды бағыттарының бірі — жеке инвестицияларды тарту. Көлік министрлігі бизнес өкілдерімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жол бойындағы сервистің жаңа нысандарын құру және қолданыстағы нысандарды жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.

Айта кетейік, Көлік министрлігі жүргізушілерге үндеу жасады.