Қазақстан жолсеріктеріне пойыздарда сауда жасауына рұқсат берілмек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы пойыздарда қосымша сервис енгізіліп, онда бақылаусыз саудаға тосқауыл қойылады. Бұл туралы бүгін Астанада теміржол көлігін дамытуға арналған кеңесте «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның Стратегиялық даму және жаңа технологиялар жөніндегі атқарушы директоры Асылхан Қалдыкөзов мәлім етті.

Қазақстан жолсеріктеріне пойыздарда сауда жасауына рұқсат берілмек

Оның сөзіне қарағанда, персоналды ынталандыру үшін және кірістің жаңа көздерін табу тұрғысында пойыздарда қосымша қызметтерді ұйымдастыру мәселесі қаралып жатыр.

«Бұл шаралар жолсеріктердің пайда табуын ынталандыру үшін, екіншіден, пойыздарда толықтай стихиялық сауданы жою бағытында жасалмақ. Атап айтқанда сапалы сусындар мен басқа да қажетті заттарды жолсеріктер өздері саудалап, осыдан сыйақы алады», - деді А. Қалдыкөзов.

Осы орайда ол бұл қанатқақты жоба елорда маңындағы пойыздарда биыл енгізілетінін атап өтті.

«Егер де жақсы нәтиже болса, бұл бастама өзге өңірлерге таралады», - деді А. Қалдыкөзов.

Бұдан бөлек ол 2015 жылы «Тұлпар Тальгоның» 240 жолсерігі ағылшын тілін жетілдіру курстарынан өткенін жеткізді.