Қазақстан жөнелткен 10 вагон гуманитарлық жүк Сербияға жеткізілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен жазда Сербия Республикасында (СР) орын алған апатты су тасқынына байланысты аталған елдің көмек көрсетуге ресми сұрауына орай, Қазақстан Үкіметі табиғи катаклизм зардабының салдарын қайта қалпына келтіру мақсатында шұғыл гуманитарлық көмек жіберуге шешім қабылдады.
Бұл туралы сыртқы саяси ведомоствоның баспасөз қызметінен хабарлады.
Өткен аптада ҚР Венгрия және Сербиядағы Елшілігі СР СІМ, Ішкі істер министрлігінің төтенше жағдайлар қызметі және Сербияның қызыл крест ұйымымен бірлесе гуманитарлық жүктің тапсыру шараларын өткізді. Ресми іс-шара барысында аталған мемлекеттік органдардың басшыларымен қатар Қазақстан-Серб парламентаралық достық тобының мүшелеріі қатысты.
Апатқа ұшыраған аймақтардың мұқтаждықтарына 42 дана суға арналған қойма, 1 мың төсек, 170 шатыр, 2,5 мың төсек-орын жабдық жиынтығы, 340 шәйнек - барлығын қосқанда 10 вагон гуманитарлық жүк Қазақстаннан Сербияға теміржол арқылы жеткізілді.
СР СІМ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Горан Петрович Сербия Үкіметі атынан еліміздің басшылығына және Қазақстан халқына уақытылы көрсетілген колғабысы үшін алғысын білдірді.