Қазақстан ЖОО-ларына инженерлік білім берудің жаңа моделі енгізіледі

АСТАНА. KAZINFORM – 2024 жылдың 1 қыркүйегінде Satbayev университетінде және Шығыс Қазақстан техникалық универсиетінде инженерлік білім берудің жаңа моделі енгізілді.

Орталық коммуникациялар қызметі
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Биыл нақты өндіріс пен академиялық дайындық арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған бұл модель еліміздің барлық жоғары оқу орындарына енгізіледі. 

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасованың айтуынша, бүгінде Қазақстанның 54 ЖОО-сында инженерлер оқытылады, онда 103 мыңнан астам студент оқиды.

− Инженерлік бағыттың аясы кең және Қоршаған орта, Физикалық және химиялық ғылымдар, Геология, Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, Көлік қызметі және басқа салаларды қамтиды. Қазақстанда инженерлік білім бірқатар сын-тегеурінге тап болуда. Алайда мәселелерді шешу үшін біршама бастама қолға алынды. Атап айтқанда, білім беру бағдарламаларын өзектендіру, білім беруді интернационалдандыру, цифрлық инфрақұрылымды дамыту, ерте кәсіптік бағдарлау, академиялық және зерттеу басымдық орталықтарын құру және «индустриялық PhD» тетігін енгізу, − деді Г. Жарасова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

«Индустриялық РhD» бойынша 94 докторант қабылданды. Докторанттар кәсіпорындардың нақты міндеттерін шешуге бағытталған зерттеулер жүргізеді және кәсіпорындар үшін рационализаторлық ұсыныстар әзірлейді.

Жаңа модель мектептерде инженерлік сыныптардың ашылуынан бастап ерте кәсіптік бағдарлауды, техникалық ЖОО-лардың өндіріспен толық интеграциясын көздейді. Осылайша Edunavigator.kz платформасында 100 846 оқушы кәсіби диагностикадан өтіп, 12 мыңнан астамы инженерлік бағытты болашақ мамандығы ретінде таңдауға ниетті екенін көрсеткен.

Сондай-ақ, инженерлерді даярлаудың жаңа моделі білім беру бағдарламаларын әзірлеуден бастап өндірістік практикадан өтуге және жұмысқа орналасуға дейінгі жұмыс берушілермен тығыз байланысқа негізделген. Өткен жылы бағдарламалардың 71%-ы заманауи еңбек нарығының талаптарын ескере отырып жаңартылды.

Өз кезегінде Satbayev University жаңа модель аясында халықаралық серіктестіктерді белсенді дамытып, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Корея және басқа елдердің жетекші университеттерімен қос дипломды бағдарламаларды ұсынады.

Сондай-ақ, университет KAZ Minerals, Самұрық-Энерго және Alageum Electric сияқты өндірістік серіктестермен ынтымақтасып, студенттерге нақты кәсіпорындарда тағылымдамадан өту және практика мүмкіндіктерін ұсынуда.

Ал Шығыс Қазақстан техникалық универсиетінде жобалық менеджмент және желілік инженерлік мектеп, инженерлік білім беру көшбасшылары, Fab Lab және академиялық және зерттеу басымдық орталықтары сияқты жобалар қолға алынған. «Көлік жасаудағы смарт-технологиялар және жасанды интеллект» сияқты жаңа бағдарламалар енгізіліп, инженерлік кадрларды сертификаттау орталығы құрылған.

Сондай-ақ, қытайлық серіктестер демеушілігімен ашылған Лу Бань шеберханасы заманауи жабдықтарымен қамтылған, онда 8 елден 400 студент білім алуда.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 12 сәуірдегі Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында инженерлік кадрларды даярлаудың ұлттық моделін әзірлеуді тапсырған еді.

 

Соңғы жаңалықтар