Қазақстан жұртшылығы Әбіш Кекілбайұлымен қоштасуда (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ халқы ҚР Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлымен қоштасуда.
Кемеңгер тұлға, ірі қоғам қайраткері, аса дарынды жазушы, ерекше дарын иесі екендігін баршаға мойындата білген Әбіш Кекілбаевты ақтық сапарға шығарып салуға Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов, ҚР Мелекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов, ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов, ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаев, ҚР Парламентiнің депутаттары, облыс әкімдері, елiмiздiң көрнектi мәдениет және өнер қайраткерлерi, жазушылар, ақындар және елорда жұртшылығы келдi.
«ҚР Еңбек Ері, Қазақ әдебиетінің Абызы, Елбасымен бірге Тәуелсіз мемлекеттің берік іргесін қалауға аянбай атсалысқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлын соңғы сапарға шығарып салуға жиналып отырмыз. Бұл Қазақстан жұршылығының қабырғасын қайыстырған орны толмас қаза. Әбіш Кекілбайұлы қазақ руханиятының өсіп, өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Қазақ әдебиетін Әбіш Кекілбаевсыз елестету мүмкін емес»,-деді Қасым Жомарт Тоқаев «Көрме» кешенінде Ә. Кекілбайұлын ақтық сапарға шығарып салу шарасында.
Ұлты үшін Абыз - Әбіш мәңгі қазақтың жүрегінде, еліміз мәңгі жасаса, қазақтың кемеңгер тұлғасы да мәңгі жасайды.
Әбіш Кекілбайұлы 1939 жылы 6 желтоқсан күні Маңғыстау облысы,Маңғыстау ауданы (бұрынғы Гурьев облысы), Оңды ауылының Мырзайыр деген жерінде туған.