Қазақстан жұртшылығы Отбасы күнін атап өтуде
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 7 қыркүйек - Отбасы күні. Былтыр ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер» туралы Жарлыққа өзгеріс енгізіп, қыркүйектің екінші жексенбісі отбасы күні мерекесі болып белгіленген болатын.
Отбасы - адамзат баласының баға жетпес қасиетті құндылығы. Ұрпаққа берілетін тәрбиенің ең негізгі тіні от басы, ошақ қасында қалыптасады. «Тәрбие - табалдырықтан басталады» дейді бабаларымыз. «Отбасы - кішкентай мемлекет» деп жатады үлкендер. Сондықтан да отбасы талайды қанаттандырған киелі шаңырақ.
Сол себепті де елімізде отбасы мерекесі күні белгіленуінің өзіндік маңызы бар. Еліміздің түкпір-түкпірінде отбасы құндылықтарын паш етуге арналған түрлі шаралар ұйымдастырылып, жергілікті атқарушы органдар тарапынан үлгілі отбасыларға сый-құрмет көрсетілуде.