Қазақстан жұртшылығы Ұлт Көшбасшысына сенеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 1 желтоқсан - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні.

Қазақстан жұртшылығы Ұлт Көшбасшысына сенеді

1991 жылдың 1 жел­тоқ­са­нында Қазақстан тарихында алғашқы рет жалпыхалықтық Президент сайлауы өткізіліп, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайлаушылардың басым дауысын жинап, Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды.

Мемлекет басшысының елімізді аяғынан нық тұрғызып, әлемге танытудағы еңбегі ұшан-теңіз. Егемендігіміз арқасында тарихымыз түгенделіп, тіліміз, дініміз қайта оралып, мемлекетіміздің ұлттық рәміздері қабылданды. Ең бастысы, мемлекеттік шекарамыз айқындалып, елдің тұтастығы, жердің бүтіндігі қамтамасыз етілді. Қазіргі күні кең-байтақ елімізде Елбасының бастамасымен атқарылып жатқан игі істер тәуелсіз Қазақстанның асқаралы биіктерден көріне беруіне ықпал етері анық. Қазақстан жұртшылығы өзі таңдаған Көшбасшысына сенеді!

Күні кеше елімізге ресми сапармен Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Каримов келді. Кездесуге орай өткен алқалы жиында Ислам Каримов мемлекетаралық ынтымақтастық аясындағы мәселелерді тілге тиек ете келе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегенділік сая­са­тын ерекше атап өтіп, өзінің жоғары бағасын бергені белгілі. 1-желтоқсан - Тұңғыш Президент күні қарсаңында болған екі жақты ресми кездесуден кейін біз еліміздің сара жолын тағы бір мәрте ой елегінен өткізуді жөн көрдік.

Елбасының мемлекетімізді өркендету жолындағы сындарлы саясаты бүгінде көптеген мемлекеттер үшін үлгі болуда. Қазіргі таңда әлемдік қауымдастық Қазақстанның ұстанған бағытын, халықаралық бағыттағы қол жеткізген жетістіктерін мойындап, біліп отыр. Тәуелсіздік алған жылдардан бері алып қарайтын болсақ, елімізде Елбасының сындарлы саясатының арқасында көптеген ірі реформалар, оның ішінде әлеуметтік-экономикалық, саяси-мәдени, рухани салалардағы маңызды шаруалар атқарылғаны сөзсіз. Саяси сарапшылар Қазақстанның аз уақыттағы жетістіктерін елдегі тұрақтылық, ұлтаралық достық пен толеранттылықпен байланыстырады. Мұның ерекше мәні бар. Себебі тұрақтылықты өз дамуының негізі етіп алмаған елдің болашағы да бұлыңғыр болатыны айдан анық. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан-ақ халықтың ауызбіршілігіне, ынтымағына, бекем достығына мән беріп, бірлікті өркендеуіміздің басты қағидасы ретінде қалыптастыра білген Елбасының сарабдал саясатының өміршеңділігі әлем қауымдастығы тарапынан мойындалып отыр.

Қазақстан егемендігінің әр кезеңінде жарқын болашақтың бастауы ретінде жасампаздық жолын таңдады. Әрине, жас мемлекетіміздің өзге елдерден үйренері көп еді. Елімізге инвестициялар тарту, ұлттық капиталды қалыптастыру, экономиканы ілгерілету, көршілес мемлекеттермен әріптестік байланыстар орнату сынды кешенді іс-шараларға баса мән берілгені сөзсіз. Ерекше атап өтерлігі, елімізге әлемдік қауымдастықта өз орнын айқындай білді. Мемлекет басшысының көрегенді саясатын дүниежүзі елдерінің көшбасшылары, белгілі саясаттанушылар жоғары бағалады. Мәселен, АҚШ Президенті Барак Обама: «Сіздің еліңіз егеменді, тұрақты және өркендеген мемлекет ретінде өзінің дамуында маңызды табыстарға қол жеткізді. Мен Қазақстанға Ауғанстандағы тұрақтылық пен қалпына кел­тіру ісіндегі ұстанымы үшін ризашылығымды біл­діремін және мен Сіздің ұлтаралық және діни тө­зімділікті ілгерілету жөніндегі күш-жігеріңізді жоғары бағалаймын» десе, Ресей Президенті Влади­мир Путин «Қазақстан халқы өзінің әлеуметтік-экономикалық және мемлекеттік құрылыстағы қол жеткен табыстарын орынды мақтан ете алады. Республиканың халықаралық беделі жылдан-жылға артып келеді, қоғамдағы ұлтаралық қатынастар да жетілдіріле түсуде. Ресей мен Қазақстан халықаралық аренадағы, Еуразия кеңістігіндегі аймақтық интеграциялық құрылымдардағы күштерін үйлестіруі өзінің тиімділігін көрсетті» деген болатын. ҚХР-дың бұрынғы Төрағасы Ху Цзиньтао Елбасына арнаған лебізінде: «Тәуелсіздік жылдары Сіздің басшылығыңызбен еңбексүйгіш те ақылман Қазақстан халқы өзінің қажырлы да жасампаз еңбегімен дамудың дұрыс жолын таба білді. Бүгінде Қазақстанда экономика тұрақты даму үстінде, халықтың әл-ауқаты артып, қоғамның әлеуметтік-саяси тұрақтылығы сақталып отыр. Соңғы жылдары Қытай - Қазақстан қатынастары белсенді дамуда» дейді. Әлем елдері көшбасшыларының мұндай сөздері Елбасының биік парасатын жан-жақты байқатып тұрғаны сөзсіз. Әлемдік саясатта мемлекеттер мен мемлекеттер арасындағы бәсекелестік болмай тұрмайтыны заңдылық. Әр ел өзінің мүддесін көзінің қарашығындай қорғауға тырысады. Бұл орайда Қазақстанның көпвекторлы саясаты - біздің ХХІ ғасырдағы даму жолымызды айқындағаны анық. Елбасы және Астана. Ұлт көшбасшысының көрегендік саясатын тағы бір қырынан айқындаған ғаламат жоба - әсем келбетті Астанамыздың арқа төсінде бой көтеруі еді. Астана бүгінде Қазақстанның астанасы ғана емес, дүниежүзі бойынша маңызды шаралар өткізіліп келе жатқан рухани орталыққа айналды. Астана қаласына келген сапарларында өзге елдердің басшылары оның маңызына айрықша тоқталды. Мәселен, Түркияның Президенті болған Абдулла Гүл: «Әр келгенімде гүлдене түскеніне куә болып жүрген Астана қаласы - Қазақстанның динамизмі мен Президент Назарбаев мырзаның көрегенділігін бейнелейтін ең үлкен туынды. Астананың құрылыс жұмыстарына түрік фирмалары мен жұмысшыларының да үлес қосуын түрік-қазақ ынтымақтастығының ең әсем нышандарының бірі деп білеміз» деп ерекше тебірене сөйлегені жұрт есінде. Бүгінгідей әлемдегі алмағайып кезең әр мемлекет үшін үлкен сын екені белгілі. Қаржылық дағдарыс салдары алпауыт мемлекеттердің өзіне соққы болып тиді. Кейбір мемлекеттерде әлеуметтік мәселелер күн тәртібіне шықты. Қазақстан Елбасының салиқалы саясатының арқасында әлемдік дағдарыстың ұлттық экономикамызға соншалықты күшті қарқынмен әсер етуіне жол бермеді. Индустриялдық-инновациялық жобаларымыз іске қосылып, жаңадан жұмыс орындары ашылды. Мемлекет басшысы жұртшылықпен жүздесулерінде, өзінің әр Жолдауында Қазақстан жетістігінің басты негізі ол халықтың бірлігі екенін айтып келеді. Тек бірлік арқылы біз барлық қиындықтарды жеңеріміз сөзсіз. Қырғызстан Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев Қазақстанға ресми сапармен келген уақытында «Бізде мынадай мәтел бар: «Қолда барда алтынның қадірі жоқ». Өз ортамда айтып жүремін, мен Назарбаевтың біздің елде тұңғыш Президент болмағанына үнемі өкініш білдіремін. Сіздер өз Президенттеріңізді құрметтеңіздер, қадірлеңіздер. Қазақстан қол жеткізген тұрақтылықты қадірлеңіздер, гүлденуді бағалаңыздар» деді. Бұл сөзде, біле білсек, терең мән бар. Өйткені еліміздің бүгінгі жетістіктері, кемел келешегі Мемлекет басшысының сындарлы саясатының нәтижесінде екені шындық.