Қазақстан жыл сайын 20 өзбекстандықты өз ЖОО-ларында оқытуға ниетті

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан мен Өзбекстан Үкіметтері арасындағы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісім жобасы жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан жыл сайын 20 өзбекстандықты өз ЖОО-ларында оқытуға ниетті

Құжатта көрсетілгендей, тараптар дамытуға мүдделі білім саласындағы басым бағыттар:

- студенттермен, оқытушы-профессор құрамымен, ғылыми қызметкерлермен алмасу;

- жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының арасындағы ынтымақтастықты кеңейту және тереңдету;

- оқытушылар мен мамандарды, ғылыми-педагогикалық кадрлар мен ғылыми қызметкерлерді даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру;

- бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу.

Келісімге сәйкес, екі елдің жуапты ведомстволары өз білім алуышаларына тараптардың ЖОО-ларында өтетін конкурстар мен олимпиадаларға қатысуына мүмкіндік береді.

«Тараптар Қазақстан Республикасының жоғары білім беру мекемелерінде өзбек тілін, әдебиеті мен мәдениетін және Өзбекстан Республикасының жоғары білім беру мекемелерінде қазақ тілін, әдебиеті мен мәдениетін оқып-үйренуге және оқытуға қолдау көрсетеді.

Тараптар жыл сайын баламалы негізде саны 20 адамға дейін білім алушылармен алмасуды жүзеге асырады, оның ішінде бакалавриат бағдарламалары бойынша – 14 адам және магистратура бағдарламалары бойынша – 6 адам.

Қабылдаушы тарап білім алушыларды оқу құралдарын, ғылыми-техникалық құжаттаманы, зерттеу жабдығын пайдаланғаны үшін төлемақыдан босатады. Сонымен қатар өз мемлекетінің азаматтарымен тең жағдайда, жоғары оқу орнының жатақханасында тұруын қамтамасыз етеді», - делінген құжатта.

Бұл келісімге Қазақстан Үкіметі атынан қол қою өкілеттілігі Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке беріледі.

Құажатты ашық талқылау 23 қарашаға дейін жалғасады.