Қазақстан зілтеміршілерін 1 жылға жарыстан шеттету жайында ресми хат келген жоқ - Меңдіхан Тәпсір

АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық ауыр атлетика федерациясы Қазақстан зілтеміршілерінің 1 жылға жарыстан шеттетілетіндігі жайында ресми хат жолдаған жоқ. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне ҚР Ауыр атлетикадан мемлекеттік жаттықтырушысы Меңдіхан Тәпсір мәлім етті.

Қазақстан зілтеміршілерін  1 жылға жарыстан шеттету жайында ресми хат келген жоқ  - Меңдіхан Тәпсір

«Әзірше ештеңе айта алмаймын. Бұл соңғы шешім емес. Нақты болмағаннан кейін пікір білдіретін де жөнім жоқ. Халықаралық федерация біздің федерацияға ресми хат жолдауы тиіс. Ал онда құжат әлі келмеді», - деді ол.

 Айта кетейік, IWF басшысы Тамаш Аян Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) Рио-де-Жанейродағы Олимпиада аяқталғаннан кейін Ресей, Қазақстан, Беларусь ауыр атлетика федерациясын бір жылға жарысқа қатысу құқығынан айыратындығын мәлім еткен болатын.

Есте болса, 22 маусымда IWF  атқарушы комитеті спортшылары  допинг қолданған елдердің федерацияларына қатысты қаулы қабылдады. Аталған құжатқа сәйкес, 2008 және 2012 жылғы олимпиадаларға қатысқан зілтеміршілерінен үш немесе одан көп допинг сынама оң көрсеткіш көрсеткен елдер бір  жылға жарысқа қатысу құқығынан айырылады. Оған Ресей, Қазақстан, Беларусь ілігуі ықтимал.