«Қазақстанаэронавигация» және «Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету орталығы» РМК қызметкерлері қайта құрудан кейін өз жұмыс орындарын сақтап қалады
АСТАНА. 24 шілде. ҚазАқпарат - «Қазақстанаэронавигация» және «Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету орталығы» РМК қызметкерлері қайта құрудан кейін өз жұмыс орындарын сақтап қалады.
Бұл туралы «Қазаэронавигация» РМК ұжымымен кездесу барысында ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі Роман Скляр мәлімдеді.
«Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 23 шілдедегі № 736 қаулысына сәйкес «Қазаэронавигация» және «Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету орталығы» кәсіпорындары «Қазаэронавигация» бір республикалық мемлекеттік кәсіпорнына біріктірілді. Қайта құрылған кәсіпорындардың қызметкерлерімен еңбек келісімі қайта жасалады және бұрынғы әлеуметтік міндеттер сақталады» -деп атап өтті Роман Скляр.
Аталған кәсіпорындарды қайта құру ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін арттыруға бағытталған және бюджеттен қандай да бір қосымша шығынды қажет етпейді. Сондай-ақ, кәсіпорын қызметкерлерінің саны мен еңбекақы көлемі де қысқартылмайды.
Жаңа кәсіпорын «Қазаэронавигация» РМК мен «Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету орталығы» РМК барлық міндеттемелерінің құқықтық иеленушісі болып табылады.
Министрлік баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, жаңадан құрылған «Қазаэронавигация» РМК базасында персоналды сақтап қалу және нығайтумен қатар, Кәсіби даярлық орталығын құру жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде болашақта заманауи авиациялық даярлық және саланың барлық қызметкерлерінің біліктіліктерін арттыру орталығын құруға арналған платформаның ролін атқармақ.
Сондай-ақ, азаматтық авиацияның медициналық орталығының қызметін жақсарту, атап айтқанда еуропалық стандарттарға көшу мәселесі де өз шешімін табатын болады.
Кездесу барысында вице-министр ұжымға жаңадан біріккен кәсіпорынның бас директорының міндеті атқарушы ретінде, бұған дейін «Қазаэронавигация» РМК бас директорының орынбасары қызметін атқарған Серік Шүлембековты таныстырды.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселесі жөніндегі толықтырулар мен өзгертулерді енгізу туралы» ҚР заңына 2013 жылғы 5 шілдеде енгізілген норма кәсіпорындарды қайта құруға негіз болды. Аталған нормаға сәйкес, авиациялық қызметтерді сертификаттау қызметі «Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету орталығы» РМК-нан ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің құзырына берілген болатын.