Қазақстанда 1,5 млн. гектар жер жеке меншіктің қолында - Ө. Өзбеков

АСТАНА. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Қазақстанда 1,5 млн. гектар жер жеке меншіктің қолында. Бұл туралы бүгін Астанада Bnews.kz порталында болған онлайн-конференцияда ҚР Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы Өмірзақ Өзбеков мәлім етті.

Қазақстанда 1,5 млн. гектар жер жеке меншіктің қолында - Ө. Өзбеков

Соның ішінде ауыл шаруашылығы құрылымдарының меншігінде 861 500 гектар жер бар. 491 мың гектар Қазақстан азаматтарының жеке меншігіне тиесілі, ал еліміздің заңды тұлғаларының меншігінде 371 мың гектар жер бар. Қазақстан азаматтарына ауылдық аумақтардан жеке тұрғын үй салуға бөлінген жерлердің көлемі өте аз, шамамен 75 мың гектар жер.

«Елімізде ауыл шаруашылығы мақсатына арналған жерлердің үлесі 33 пайыз, шамамен 95 млн. гектарға жуық жер бар. Бүгіндері соның 1 пайызы ғана жеке меншік сектордың қолында. Олардың басым көпшілігі ұзақ мерзімге жалға алынған жерлер», - деді Ө. Өзбеков.

«Кейбір адамдар 2003 жылы қабылданған Жер Кодексі өзінің мақсатын орындаған жоқ, 7 жыл ішінде жеке меншік сектордағы жер учаскелерінің көлемі көбеймеді, деп реніш білдіреді. Біз үшін ең басты мақсат - жеке меншік үлесін арттыру емес, жеке меншік институтының негізін қалау болды. Ал ондағы басты принцип ауыл шаруашылығына арналған жерлерді азаматтарға ақылы негізде бөлу болып отыр. Бұл салада нарықтық қатынастың болуы жер нарығы үшін аса маңызды», - деп атап көрсетті ол.

«Меніңше Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені неғұрлым дами түскен сайын, жеке меншік қолдағы жер алаптарының үлесі соғұрлым арта түседі», - деді Ө. Өзбеков.

Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы атап көрсеткеніндей, қазіргі уақытта әрбір азаматтың ауыл шаруашылық мақсатына арналған жер телімін жеке меншікке, не болмаса оны 49 жылға дейін ұзақ мерзімді уақытқа жалға алу құқығын иеленуге мүмкіндігі бар.

Қазақстандықтар ақысыз негізде жеке тұрғын үй салуға, жеке қосалқы шаруашылығын жүргізуге, бау-бақшаға және саяжай шаруашылықтарына кішігірім жер телімдерін алуға заң бойынша құқылы. «Бұл өзінше бір әлеуметтік бағыт болып табылады. Ол бойынша, бізде бір жолғы ақысыз жер телімін бөлу заңмен қарастырылған», - дейді ол.