16:52, 14 Наурыз 2014 | GMT +5
Қазақстанда 1 жасқа дейінгі нәрестенің шетінеуі 16,6 пайызға кеміді - Ә.Смайылов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда 1 жасқа дейінгі нәрестенің шетінеуі 16,6 пайызға кеміді. Бұл туралы бүгін ҚР Статистика агенттігінің басшысы Әлихан Смайылов мәлім етті.
![None None](/static/img/plug.webp)
Оның атап өтуінше, 2014 жылдың қаңтарында республикада 1 жасқа дейінгі 401 нәрестенің шетінеуі тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,6 пайызға азайған.
Айта кетерлігі, нәресте өлімінің негізгі себебі перинаталдық кезеңде пайда болатын жағдайлардан болып отыр. Соның салдарынан ағымдағы жылдың қаңтарында 201 нәресте көз жұмған. Ал туа біткен ауытқулардан 85, тыныс органдары ауруларынан 37, жазатайым жағдайдан, ал уланудан және жарақаттан 15 сәби шетінеді.
Сондай-ақ осы жылдың қаңтар айында АХАТ органдарында 9,8 мың неке тіркелген. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда некеге отырушылар саны 10,9 пайызға кеміді. Аталған кезеңде ажырасулар көрсеткіші де 2,4 пайызға азайып отыр.