Қазақстанда 10 облыстық және 1 республикалық Достық үйі бар - ҚХА

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргі кезде Қазақстанда 10 облыстық және Алматы қаласында 1 республикалық Достық үйі жұмыс істеуде. Астана қаласында Достық үйі қызметін Бейбітшілік және келісім сарайы атқаруда.

Қазақстанда 10 облыстық және 1 республикалық Достық үйі бар - ҚХА

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Надежда Нестерова мәлім етті.

Оның айтуынша, Қазақстандағы тұңғыш Достық үйі 1992 жылы Шығыс Қазақстан облысында жұмысын бастаған. Мемлекет басшысының ҚХА-ның ХХ сессиясындағы тапсырмасына сәйкес еліміздің төрт өңірінде (Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында) мамандандырылған Достық үйінің құрылысы жүріп жатыр.

«ҚР Президентінің ҚХА-ның ХХ сессиясында берген тапсырмасына сәйкес ҚР Үкіметінің қаулысымен ҚХА Достық үйлерін дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Оның мақсаты Ассамблеяның міндеттерін шешуге және оның қызметін қамтамасыз етуге бағытталған бейбітшілік пен қоғамдық келісім, әлеуметтік бастамалар орталықтары ретінде достық үйлерінің жұмысын ұйымдастырудың бірыңғай тұтас жүйесін қалыптастыру болып табылады», - деп атап өтті депутат.

Оның айтуынша, Тұжырымдама 2 кезеңмен жүзеге асырылады. 2014-2016 жылдар аралығында ҚХА республикалық және өңірлік достық үйлерінің жұмысын ұйымдастырудың, мекемелер құру арқылы олардың бірыңғай ұйымдық-құқықтық мәртебесін қамтамасыз етудің тәсілдері жасалатын болады. Ал 2017-2020 жылдар аралығында «Қазақстан-2050» стратегиясы және ҚХА даму тұжырымдамасы аясында ҚХА достық үйлерін одан әрі дамыту жүзеге асырылады.