Қазақстанда 10 жыл сайын тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының нормативтік базасы жаңартылмақ

АСТАНА. 26 қазан. ҚазАқпарат - Қазақстанда әр 10 жыл сайын тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының (ТКШ) нормативтік базасын жаңартып отыру жоспарлануда.

Қазақстанда 10 жыл сайын тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының  нормативтік базасы жаңартылмақ

 Бұл жайында бүгін Астанада аталған саланы ғылыми тұрғыда қамтамасыз етуге негізделген ғылыми-тәжірибелік конференцияда ТКШ-ны дамытудың қазақстандық ғылыми-техникалық орталығының бас директоры Дамир Егізбаев айтты.

 Оның сөзіне қарағанда, ТКШ саласы 200-ден астам нормативтік-техникалық құжаттармен реттеледі. «Биыл біз 20 нормативтерді қайта өңдейміз, сондай-ақ елімізде әр 10 жыл сайын ТКШ-ның барлық нормативтік базасы жаңартылып отыруы үшін жыл сайын 20-30 нормативтерді қайта өңдеуді жоспарлап отырмыз»,-деп атап өтті Д. Егізбаев.

 Бас директор биылдан бастап Қазақстанда алғаш рет тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласында қолданбалы ғылыми зерттеулердің кешенді бағдарламасын жүзеге асыру басталғанын ескеріп өтті. Ол 4 бағыт және 6 тақырып бойынша іске асырылмақ. Атап айтқанда, оның ішінде сумен қамтамасыз ету мен су бұру, энергия үнемдеу, жылумен қамтамасыз ету және коммуналдық қалдықтар тұрғысындағы жұмыстар қамтылған.