Қазақстанда 100-ден астам этнос татулық пен үйлесімде өмір сүріп жатыр – Президент
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлемдегі диалогты нығайту – Қазақстан саясатының аса маңызды бөлігі. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінің жалпы отырысында осындай ой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстан халқы түрлі өркениеттер мен діндердің дәстүрін, ашықтық пен толеранттылық рухын бойына сіңірген. Сондықтан алуандықтың тұтастығы біз үшін негізгі таған болып саналады. Қазіргі таңда Қазақстанда 100-ден астам этнос татулық пен үйлесімде өмір сүріп жатыр. 18 конфессияның 4 мыңға жуық діни бірлестігі еркін қызмет етуде», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы мұны қазақстандықтар еліміздің баға жетпес сыйы және бірегей байлығы деп санайтынын атады.
«Елімізде және бүкіл әлемде диалогты нығайту – Қазақстан саясатының аса маңызды бөлігі. Бүгінгі съез соның жарқын дәлелі. Бұған дейінгі форумдардың декларацияларында радикализм, күш көрсету мен кикілжіңдер қатаң сыналған», - деді Президент.
Айта кету керек, екі күнге созылатын съезге 50 елден 100-ден астам делегация, оның ішінде ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм, синтоизм діндерінің өкілдері, сондай-ақ саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйым мүшелері келді. Олардың арасында Рим Папасы Францисктен бөлек Әл-Азхардың Жоғарғы имамы Ахмед Мохаммед Ахмед ат-Тайеб, Иерусалим Патриархы III Теофил, Ашкеназдың бас раввині Давид Лау, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Иосиф және басқа да діни жетекшілер, бірқатар халықаралық ұйымның өкілдері бар.
Кеше кешке Президент Қасым-Жомарт Тоқаев съездің арнайы қонағы Рим Папасы Францискті елорда әуежайынан күтіп алды.
Кейіннен Қазақстан Президенті мен Рим Папасы азаматтық қоғам және дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесті.
Кездесуде католик шіркеуінің басшысы Қазақстанның өлім жазасынан бас тартқанына жоғары баға беріп, Қазақстан Конституциясы наным-сенім бостандығының кепілі екенін атады.
Дін көшбасшысы Францисктің елімізге мемлекеттік сапары Рим Папасы Иоанн II Павел Қазақстанға 2001 жылы келгеннен кейін алғаш рет өтіп жатыр. Бүгін ол елордада месса өткізеді. Оған 3 мыңға жуық адам қатыспақ.