Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ақтөбе облысында әйел кәсіпкерлерге арналған «KözI’m» менторлық мектебі іске қосылды

АСТАНА. KAZINFORM – Ақтөбе облысында «KözI’m» жобасы бастау алды. Жобаның басты ерекшелігі – оның терең практикалық бағытта жүзеге асырылуында.

л
Фото: Kazinform

Бағдарлама өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, өңірге танымал меценат Күлпаршын Айдарханованың жеке бастамасымен қолға алынды. Кәсіпкерлік саласындағы тәжірибелі көшбасшы ретінде ол қатысушыларды тек шабыттандырып қана қоймай, өз ісін дамытуға арналған нақты құралдар мен тиімді шешімдер ұсынуды мақсат етеді.

Күлпаршын Айдарханова жыл соңына дейін жоба қатысушыларына тәлімгер ретінде қолдау көрсетеді. Мұндай жан-жақты сүйемелдеу кәсіпкер әйелдердің бизнесін кеңейтіп, жаңа деңгейге көтеруіне мүмкіндік береді. Осы мақсатта ментор әр қатысушының кәсіпорнына арнайы барып, бизнестің даму мүмкіндіктерін талдап, оны жетілдіру жолдарын ұсынып жатыр.

Жеке талдауға алынған алғашқы нысан – кәсіпкер Маржан Қошымованың жол бойындағы дәмханасы болды. Тәлімгер мекеменің заманауи безендірілуін, ас үйдегі мінсіз тазалықты және кәсіпкердің өзі әзірлеген фирмалық палауын жоғары бағалады. Бүгінде бұл тағам түскі және кешкі уақытта келушілер арасында ерекше сұранысқа ие болып, тапсырыспен де жиі сатып алынады.

Күлпаршын Айдарханова кәсіпкермен бірге дәмхананы одан әрі дамытуға арналған кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын жоспар әзірледі. Негізгі міндеттердің қатарында онлайн-тапсырыс жүйесін іске қосу, маркетингтік жұмысты күшейту және Ақтөбе қаласының өзінен жаңа брендтік нүкте ашу мәселелері бар.

Сондай-ақ тәлімгер жақын маңдағы мекемелердің қызметкерлерін клиент ретінде тарту бойынша ұсыныстарын айтты. Мәселен, көршілес орналасқан перзентханадан шығатын аналарға арнайы ұсыныстар әзірлеу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, дәмхана маңынан автобус аялдамасын орналастыру мәселесі бойынша жергілікті атқарушы органдармен келіссөз жүргізу және қызметкерлер жұмысының тиімділігін арттыру көзделген.

«Әйелдер бүгінде еңбек нарығының толыққанды қатысушылары. Олар жұмыс орындарын ашып, салық төлеп, Ақтөбе облысының экономикасын дамытуға өз үлесін қосып келеді. “KözI’m” жобасы әйелдер кәсіпкерлігін одан әрі нығайтып, дамуға қажетті практикалық құралдарды ұсынады. Әрбір әйел үшін өзін жалғыз сезінбей, өзімен бірге алға ұмтылатын мықты жандардың қолдауын сезіну аса маңызды. Жоба қатысушылары үлкен жолдың басында тұрғанымен, олардың әлеуеті мен батылдығы мені ерекше тәнті етеді», – дейді Күлпаршын Айдарханова.

Жоба кәсіпкерлік ортада үлкен қызығушылық тудырды. Ұйымдастырушыларға 36 өтінім келіп түссе, олардың арасынан кәсіпкерлікті ана болу міндетімен қатар алып жүрген және экономиканың түрлі салаларында жұмыс істейтін 8 қатысушы іріктеліп алынды.

Бағдарлама аясында қатысушылар әлеуметтік желілерде ілгерілету (SMM), жеке брендті дамыту және көшбасшылық қабілеттерді жетілдіру бағыттары бойынша білім алады. Олар: Салтанат Құдайбергенова (тігін өндірісі), Назым Жайдақбаева (экоферма, ешкі сүтінен өнім өндіру), Айгүл Жұмағалиева (музыкалық мектептер желісі), Ақтоты Исетова (жартылай фабрикаттар өндірісі), Жұлдыз Бержанова (балалар дүкендері желісі), Маржан Қошымова (қоғамдық тамақтану саласы), Әлия Құқанова (дұрыс тамақтану кофеханалары) және Айнұр Ермұханова (қарттарға арналған заманауи пансионат бағытындағы әлеуметтік жоба).

Жобаның негізгі мақсаты – өңірдегі әйелдер кәсіпкерлігін кеңейту, жаңа жұмыс орындарын ашу және тұрақты бизнес-модельдерді қалыптастыру. Осындай жергілікті жерде жүргізілетін жеке менторлық қолдау «KözI’m» қатысушыларына өз жобаларына тиімді шешімдерді енгізіп, бизнестерін жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.