Қазақстанда 12 мамырда өтетін маңызды оқиғаларға шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы сенбі, 12 мамырда Астана мен Алматыда бірқатар шаралар өтеді. Аймақтарда да маңызды оқиғалар болады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
АСТАНА
13:30-да «Риксос» қонақүйінде ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов отандық сарапшылармен кездеседі. Жиында алдағы Астана экономикалық форумына дайындық мәселелері талқыланады. Аталған шара келесі аптада 17-19 мамыр күндері өтеді.
АЛМАТЫ
10:00-де Атакент аймағында 10-шы павильонда «Спорттық лига» фестивалі басталады. Ауданы 3500 шаршы метр болатын аумақта қалалық чемпионаттар ұйымдастырылады. Спорттық шараларға кез келген адам тегін қатыса алады. Сондай-ақ, фестиваль аясында армрестлингтен кәсіпқойлар арасындағы Қазақстан чемпионаты өтеді. Сол кезде әлем чемпионатына баратын спортшы анықталады.
11:00-де Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдіраxманов студенттермен кездеседі. Шараға оқытушы-профессорлар құрамы да шақырылып отыр. Кездесу аясында тұңғыш қазақ дипломаты, қоғам қайраткері, КСРО-ның Сауд Арабиясындағы алғашқы елшісі Нәзір Төреқұлов атындағы аудитория ашылады.
СЕМЕЙ
11:00-де Семей қаласының әкімі санитарлық тазалау бойынша рейд өткізеді. Тура сол уақытта «Тарлан» кешенінде Қазақстан барысына іріктеу турнирі басталады.
14:00-де Дастенов көшесіндегі сауықтыру кешенінде волейболдан қалалық чемпионат өтеді.
КӨКШЕТАУ
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың Ақмола облысына жұмыс сапары жоспарланған.
АТЫРАУ ОБЛЫСЫ
Атырау қаласында жалпы қалалық сенбілік өтеді.
9.00-де Қазақстан республикасының халық әртісі, профессор Ғафиз Есімов атындағы І-ші Халықаралық вокалистер байқауы өтеді.
15.00-де «Ретросаябақ» кешенінде «Мұнайлы өлкенің шырайлы бейнесі» атты облысқа танымал колөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі мен қылқалам шеберлерінің плэнері өтеді.
ШЫҒЫС ҚАЗАҚТАН ОБЛЫСЫ
«Қазақ саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Шығыс Қазақстан облыстық филиалы 12-13 мамырда Өскеменде есту қабілеті нашар азаматтардан құрылған бишілер ұжымдарының республикалық конкурсын өткізуді жоспарлап отыр. Конкурсқа мүмкіндігі шектеулі 120-дан астам азамат қатысады. Шараға Қазақстанның 14 өңірінен 15 бишілер ұжымы қатысады. Шара 11-00-де бастаады.