Қазақстанда 12 мың бала тұрмысы нашар отбасында тұрып жатыр

балабақша
Фото: Pixabay

АСТАНА. KAZINFORM — Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Қазақстан Республикасындағы тұрмысы нашар отбасылардағы балалардың санын жариялады

«Айта кету керек, жағдайы нашар отбасыларда 12 мың бала өмір сүріп жатыр. Бұл ретте балалар үйде ата-анасының жанында, яғни оларды ата-ана құқығынан ешкім айырған жоқ. Бұл отбасылар бақылауда тұр, балалары да отбасында тәрбиеленіп жатыр», — деді Д. Зәкиев тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, бұл қадамдар баланың отбасында өмір сүру мүмкіндігін барынша сақтау үшін жасалып жатыр.

«Мемлекетіміздің мақсаты — отбасын нығайту. Сондықтан баланы отбасынан себепсіз әрі негізсіз тартып алуы мүмкін деп айту дұрыс емес», — деді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы мен ілеспе құжат екі оқылымда қаралып, мақұлданды.  

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова жаңа заңнамалық нормаларда балаларды ата-аналарынан тартып алу мәселесі қарастырылмағанын мәлім етті.  

Соңғы жаңалықтар