Қазақстанда 14 наурыз күні өтетін маңызды шараларға шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі 14 наурыз күні Қазақстанда өтетін маңызды оқиғаларға шолу ұсынады.
АСТАНА.
Сағат 10.00-де ҚР Парламент Мәжілісінің жалпы отырысы басталады.
Сағат 10:00-де ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде «Әлеуметтік саланы цифрландыру» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтеді. Жиынға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі С.Қ.Жақыпова қатысады.
Дәл осы уақытта «Radisson» қонақ үйінде ҚР Ұлттық экономика министрлігі Бүкіләлемдік банк топтарымен бірге ««Doing Business» субұлттық рейтингі Қазақстанда» атты жобаның тұсаукесері өтеді.
Сағат 10.30-да «Астана» ХҚО Басқарушысы Қ. Келімбетов пен Бүкіләлемдік ислам экономикалық форумының Төрағасы Тун Муса Хитам арасында Меморандумға қол қою рәсімі өтеді.
Сағат 10.45 уақытында Сағат 10.00-де «Рэдиссон» қонақ үйінде Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі Бірлескен үкіметаралық комиссияның 17-отырысы екі елдің Премьер-министрлерінің бірінші орынбасарларының деңгейінде өткізіледі.
Сағат 11:00-де «Қазақстан» Орталық концерт залында Астана қаласының 20-жылдығына арналған іс-шара жоспарын таныстыру және Наурыз мерекесі қарсаңында «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы және Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында баспасөз туры өткізіледі.
Сағат 11:30-да Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев пен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың қатысуымен «Астана - адалдық алаңы» жобасының атқарған жұмыстарына алғашқы қорытынды жасау жоспарлануда.
Сағат 13:00 уақытында «Rixos» қонақ үйінде Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонның Қазақстан Республикасына ресми сапары аясында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен ТР Үкіметінің жанындағы Дін істері, ұлттық мерекелер мен салт- дәстүрлерін реттеу комитеті арасында меморандумға қол қою шарасын өткізу жоспарланған.
Сағат 14:00-де Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі жанындағы мемлекеттік тапсырыс, тауар, жұмыс және қызмет Агенттігі өзара түсіністік пен серіктестік жөнінде меморандумға қол қояды.
Сағат 15:00-де «Ақорда» резиденциясында Тәжікстан Республикасының Президенті Э.Ш.Рахмон ресми сапары болады деп күтілуде.
Сағат 15:00-де Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінде аталған ведомствоның 2017 жылғы жұмыс қорытындысы бойынша брифинг өтеді.
Сағат 15:00-де ҚазМЗУ-да «Менің болашағым цифрлы Қазақстанда» атты сессия басталады.
АЛМАТЫ
Сағат 10:00-де Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті мен «Азамат әлеуеті» қайырымдылық қоры, Алматы технология және флористика колледжі бірлесіп, балалардың, жасөспірімдердің және мүгедек жастардың шығармашылық әлеуетін арттыру мақсатында Наурыз мерекесіне орай инклюзивті этнографиялық концерт-көрмесін өткізеді.
Сағат 10:00-де Startup Kazakhstan халықаралық акселерациясына қатысушылардың екінші толқынының тұсаукесері өтеді.
Сағат 11:00-де Алматы қаласының Аймақтық коммуникациялар қызметінде «Мемлекеттік қызметтерді құқықтық тұрғыда көрсету» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтеді.
Сағат 12:00-де Қазақстан Баспасөз клубында Бүкіләлемдік тұтынушылар күніне орай баспасөз мәслихаты өткізіледі.
Сағат 17:00-де «Kinopark» (Esentai Mall) кинотеатрында «Алтыншы бекет» көркем фильмінің жабық көрсетілімі өтеді.
ШЫМКЕНТ
Сағат 12.00-де Шымкент қаласындағы Назарбаев Зияткерлік Мектебі базасында «Дұрыс мамандық - жарқын болашақ» атты жастар форумы өтеді.
Сағат 15.30-да Шымкент қаласындағы «Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі» филиалында «Қазақстандағы 100 жаңа есім» идеясы аясында Оңтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің үздік қызмет атқарып жүрген қызметкерлердің қатысуымен семинар-сабақ өткізіледі.
ҚОСТАНАЙ
Сағат 15:00-де облыс әкімі Архимед Мұхамбетов өңірдің экспортын дамыту мәселелері бойынша облыстық басқармалар мен департаменттер басшыларымен кеңес өткізеді. Жиын Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияда болады.
Сағат 18:00-де «Тобыл» футбол клубының ұжымы жанкүйерлермен кездеседі. Жиында команданың жаңа бапкерлері мен ойыншылары таныстырылады. Кездесу «Әуежай» шағын ауданындағы «Қостанай» спорт кешенінде өтеді.
АТЫРАУ
Атырау қаласында Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық дәстүрді жандандыру арқылы қоғамдық сананы жаңғырту мақсатында «Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері» халықаралық форумы басталды. Форум аясында 14 наурыз күні Мархаба Сәби, Али Оқапов, Арсланбек Сұлтанбек, Роза Аманова (Қырғызстан), Ирфан Гюрдал (Түркия) және тағы басқа жұлдызды орындаушылардың қатысуымен Көрісу рәсімін салт-дәстүр ретінде дәріптейтін театрландырылған «Жаңа жасыңмен, Ұлы далам» фестивалі, Этно-қолөнерші Ырза Тұрсынзаданың шеберлік сағаттары, «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып...» атты республикалық ақындар айтысы өтеді. Шара 15 наурызда жалғасады.
ОРАЛ
Орал қаласындағы Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетте «Адам капиталы - модернизация негізі» тақырыбында жас ғалымдардың халықаралық конференциясы 13 наурызда басталды. Конференция жұмысы 14 және 15 наурыз күндері жалғасады.
АҚТАУ
«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы аясында жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енген 15 тарихи-мәдени ескерткіш пен өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енген Маңғыстау өңірінің 28 тарихи-мәдени ескерткіші қамтылатын «Отпан тау - рухани дәстүрдің негізі» тақырыбындағы Республикалық дөңгелек үстел өтеді. Шара барысында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы аясындағы өңірдің алдағы уақыттағы жұмыс жоспары таныстырылады.
КӨКШЕТАУ
Сағат 15:00-де Көкшетау қаласындағы Ақмола облысы әкімінің аппараты жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ-де «Алматы Music» театры режиссерінің сценариі бойынша «Жазығым не менің, мама?» атты драмалық қойылымның тегін көрсетілімін өтеді.