11:13, 14 Наурыз 2014 | GMT +5
Қазақстанда 140 млн. долларға 3 колония салынады - Ж.Асанов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы уақытта Қазақстанда 140 млн. долларға 3 колония салынады. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан «Орталық Азиядағы жаңа қылмыстық-атқару заңнамасын қалыптастыру: үрдістер мен талаптар» атты аймақтық конференцияда ҚР Бас прокурорының орынбасары Жақып Асанов мәлім етті.
Ж.Асановтың сөзіне қарағанда, сотталушыларға халықаралық стандарттарға сай жағдай жасау барынша қиын. Дегенмен Қазақстан бұл бағытта алға жылжып келеді. Мәселен, қылмыстық атқару жүйесін жаңғырту бойынша арнайы бағдарлама қабылданған.
«Бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін 140 млн. АҚШ доллары бөлінді. Бұл қаражатқа таяу жылдары 4,5 мың орынға арналған 3 жаңа колония салынатын болады», - деді ол.
Сондай-ақ Бас прокурордың орынбасарының атап өтуінше, осыдан екі ай бұрын Қызылорда қаласында 900 орынға арналған жаңа колония ашылған. Ал биыл 1000 сотталушыға арналған түрме Орал қаласында ашылатын болады.
«Яғни, біз бұл бағытта еліміздің қаржылық мүмкіншіліктеріне орай жұмыс істеудеміз», - деді Ж.Асанов.