Қазақстанда 1,5 мың шақырым теміржол жөнделді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда биыл жөндеуге жоспарланған 1 577 шақырым теміржолдың 1 506 шақырымы жаңартылды. Қазір Астана – Алматы, Өзенкі – Қандыағаш және басқа да бағыттарда жұмыс жалғасып жатыр. Ал 2027 жылдан бастап Тобыл – Қарталы учаскесін жөндеу жоспарланған.
Ағымдағы жылы Семей – Аягөз және Мақат – Бейнеу – Маңғыстау учаскелерінде теміржол жолдарына күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар Өзенкі – Қандыағаш, Астана – Алматы, Астана – Тобыл, Көкшетау – Қостанай, Арыс – Шеңгелді және басқа дабағыттарда жұмыстар жалғасып жатыр.
2027 жылдан бастап Тобыл – Қарталы теміржол учаскесін кезең-кезеңімен сауықтыру жұмыстары жоспарланып отыр.
Жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында көлік саласын дамыту бағдарламасы шеңберінде жүргізіледі. Бағдарлама теміржол инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңартуды, теміржол желісінің сенімділігі мен тиімділігін арттыруды көздейді.
Жалпы, 2023–2029 жылдар аралығында елімізде 11 мың шақырым теміржол жолын жөндеу жоспарланған. Бағдарламаны іске асырудың алғашқы үш жылында, яғни 2023–2025 жылдары жоспарланған 4 353 шақырымның орнына 4 448 шақырым теміржол жолы жаңартылды. Осылайша, жоспарлы көрсеткіш 95 шақырымға асыра орындалды.
Бағдарлама аясында Бейнеу – Маңғыстау және Павлодар – Семей учаскелеріндегі жұмыстар аяқталды. Сонымен қатар Көкпекті – Қарағайлы, Атасу – Қаражал, Жамбыл – Жаңатас және Қарабұлақ – Текелі аз жүктемелі учаскелерінде 83 шақырым теміржол жолын сауықтыру жұмыстары жүргізілді.
Жүргізіліп жатқан жұмыстар теміржол желісінің техникалық жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізуде. Атап айтқанда, жалпы ұзындығы 2,9 мың шақырымды құрайтын учаскелерде жолаушылар пойыздарының қозғалыс жылдамдығы артты. Жүргізілген жөндеу жұмыстарының нәтижесінде тиісті учаскелердегі теміржол жолдарының жай-күйі«жақсы» және «өте жақсы» деп бағалануда.
Теміржол инфрақұрылымын жүйелі түрде жаңарту желінің сенімділігі мен өткізу қабілетін арттыруға, жүк және жолаушылар пойыздарының қозғалыс жағдайларын жақсартуға, сондай-ақ Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін одан әрі дамыту үшін қосымша мүмкіндіктер жасауға мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан Қытаймен үшінші теміржол өткелін ашатынын жаздық. Жаңа бағыт жылына 20 млн тонна жүк өткізеді.