Қазақстанда 150-ге жуық музей бар

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін қазақстандықтар Халықаралық музей күнін атап өтеді. Мерекеге байланысты 18 мамыр күні Астанадағы ҚР Ұлттық музейінде Халықаралық музейлер күніне арналған «Музей түні» акциясы шеңберінде «Музей – құндылықтар мекені» атты іс-шаралар кешені өтеді.

Ұлттық музей
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Бұл — әртүрлі мәдениет пен халықтар мұрасын қастерлеп, оны көпшілікке қолжетімді ететін музей мамандарының жыл сайын тойлайтын мерекесі.

Халықаралық музейлер күні 1978 жылы Халықаралық музейлер Кеңесінің ХІІ Бас Ассамблеясының шешімімен жарияланды. Жыл сайын 150-ден астам елде атап өтіледі.

Бұл күні музейде ашық есік күні өтеді, сол күні келушілер барлық көрме мен экспозицияны тамашалай алады. Қазақстанда 150-ге жуық музей бар, онда 10 мыңға жуық адам еңбек етеді.

«Музей – құндылықтар мекені» атты іс-шаралар аясында Ұлттық музейдің ғылыми жобалар аясында жарық көрген кітаптардың тұсаукесері, «Өнерге қол жеткізу» атты картина мен мүсін туындыларына көшірме жасаудан шеберлік сынып, «Жан біткен жәдігерлер» музейлік сабағы, «Кескіндеме және графика» сабағын өткізу жоспарланған. Сондай–ақ, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Рафаэль Слекеновтің «Тәңір нұры» атты жеке көрмесінің ашылу салтанаты өтеді. 

Ұлттық музейдің хабарлауынша, Халықаралық музейлер күніне арналған шара бүгін сағат 18.00 – де басталады. Кіру тегін.  

Соңғы жаңалықтар