Қазақстанда 16 аудитор сотталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарт – Қазақстанда 16 аудитор сотталды. Бұл туралы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары-Қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанда 16 аудитор сотталды

«2017-2019 жылдары 16 аудитор мен қосалқы бөлімшенің бір қызметкері ұсталып, сотталды. Жемқорлық көрінісінің туындауына аудитормен тікелей байланысқа шығу себеп болды», - деді Смайылов Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында.

Оның пайымынша, жемқорлық тәуекелдеріне қатысты проблемаларды шешу үшін саладағы процестерді барынша автоматтандыру керек.

«Электронды камералық бақылаудың, апелляциялық шағымданудың дамуы арқылы мемлекеттік аудиторлардың нысандарға баруы азайып, олардың тексерілетін адамдармен тікелей байланысқа шығуы күрт төмендеді. Мәселен, 2015 жылы тексерулердің 100 пайызы бұрынғысынша нысанға бару тәртібімен жүргізілген. Бүгінде аудиттің 44 пайызы онлайн өткізіледі», - деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.

Оның атап өтуінше, процестер барынша автоматтандырылғаннан кейін, тексерулердің тек 20 пайызында ғана нысанға бару қажет болады, яғни түгендеу мен шолу жасау керек болған жағдайларда.