Қазақстанда 16 аумақтық қорғаныс басқармалары құрылады

Заң жобасы қорғаныс және әскери қызмет саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеуге, заңнамадағы құқықтық нормалар арасындағы қайшылықтарды, олқылықтарды, коллизияларды жоюға бағытталады.
Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс, аумақтық қорғаныс жүйелерін жетілдіру мәселелері де қарастырылады.
Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаровтың айтуынша, Мемлекет басшысының 2015 жылдың 25 желтоқсанындағы Жарлығына сәйкес, Қазақстанда аумақтық әскерлер құрып, оларды қорғаныс жүйесімен ықпалдастыру көзделген болатын.
«Аумақтық қорғаныс Қорғаныс Күштерінің құрамына енетін болады. Ал аумақтық қорғаныс әскери бөлімнің жетекшілері - әскери қызметші мәртебесінде, ал штаб жұмысшылары әскери міндеттілер болып табылады. Заң жобасы аясында әскери міндеттілерді арнайы әскери жиындарға шақыру, әскери қызметші мәртебесін беру мәселесі қарастырылып, оларға қолданыстағы заңнамада көрсетілген құқықтар мен міндеттер белгіленеді. Сонымен қатар, облыстық және Астана мен Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдары құзыретіне аумақтық қорғаныс бөлімдерін қамтамасыз ету мәселесі беріледі. Осылайша, көрсетілген норманы жүзеге асыру үшін еліміздің 14 облысы мен Астана, Алматы қалаларында 16 аумақтық қорғаныс бригадалар басқармалары құрылатын болады», - деді министр орынбасары.
Оның сөзіне қарағанда, аумақтық қорғаныс басқармаларын құру бойынша әлемнің озық тәжірибелері зерделенген.