Қазақстанда 16 мың ҮЕҰ белсенді жұмыс істейді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы өткізудегі азаматтық сектордың рөлі» тақырыбында кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шын мәнінде мемлекеттің Тәуелсіздігі мен азаматтық қоғамның дамуы – бұл өзара тығыз байланысты әрі бір-біріне тәуелді ұғымдар. Өйткені, Тәуелсіздікке әкелетін елдің жаңкешті күресі болса, сол Тәуелсіздікті қолда ұстап тұратын ең алдымен белсенді, отаншыл азаматтардың үлесі», - деді кездесуді ашқан ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов.

Оның дерегінше, Тәуелсіздіктің елең-алаңында елімізде бірнеше ондаған ғана ҮЕҰ болса, бүгінде тіркелген мұндай қоғамдық ұйымдардың саны 22 мыңнан асып жығылады. Ал солардың 16 мыңы белсенді жұмыс істейді. Азаматтық секторда шамамен 24 мың адам жұмыспен қамтылған. Олардың 9 пайызы жастар саясаты және балалар бастамасы саласында, 34 пайызы халықтың аз қамтылған тобын қолдау, білім мен ғылым, спорт пен дене тәрбиесі салаларында, 16 пайызы салауатты өмір салтын насихаттау, азаматтар мен ұйымдардың заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау, 9 пайызы гендерлік проблемаларды шешу, қоршаған ортаны қорғау, мәдениет пен өндерді дамыту салаларында жұмыс істейді.

«Үкіметтік емес ұйымдардың сандық құрылымы азаматтарымызды барынша толғандыратын проблемаларды паш етеді. Осы тұрғыдан алғанда үкіметтік емес секторды пікірлестер қауымдастығы ретінде қарастырамыз. Олардың күш-қуаты мен қабілеті еліміздегі оң өзгерістердің қозғаушысы саналады. Бұл осы мерейлық жылда айрықша мәнге ие», - деді Болат Тілепов.


Соңғы жаңалықтар