Қазақстанда 160 мектеп пен балабақша апатты жағдайда тұр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде 160 білім беру және тәрбие мекемесі апатты жағдайда әрі қалыпты талаптарға сай емес деп танылған. Бұл туралы бүгін ОКҚ-де өткен брифингте ҚР Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің төрағасы Әлиақпар Мәтішев мәлім етті.

Қазақстанда 160 мектеп пен балабақша апатты жағдайда тұр

«Апатты жағдайда және санитарлық талаптарға сай келмейтін барлық нысандардың жартысынан көбін, яғни 67 пайызын бүгінде білім беру және тәрбие мекемелері құрып отыр. Ал денсаулық сақтау орындары 15 пайыз, яғни 37 нысанға жеткен», - деп түсіндірді ол.

Оның айтуынша, апатты және антисанитарлық жағдайлардағы нысандар жуырда өткізілген төлқұжаттау шарасы барысында анықталған. Мұндай нысандардың барлығы - 237. Олардың 164-ін бұдан әрі қолдануға сот арқылы тыйым салынды, ал тағы 73 нысанның құжаттары соттардың қарауында жатыр.