Қазақстанда 165 мыңнан астам аңшы есепте тұр
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде атыс қаруын иеленген 165 мыңнан астам аңшы есепте тұр. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әмірхан Рахымжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Есеп бойынша соңғы 3-4 жыл ішінде рұқсаты бар 83 мыңға жуық белсенді аңшы тіркелген. Алайда, Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша атыс қаруын иеленген 165 мыңнан астам аңшы есепте тұр. Демек атыс қаруын иеленген аңшылардың жартысы іс жүзінде аң аулауға қатысы жоқ деген сөз», - деді Әмірхан Рахымжанов Мәжілістің жалпы отырысында депутаттық сауал жасай отырып.
Оның айтуынша, аңшыға қару ресми куәлігі болған жағдайда ғана берілуі керек.
«Осыған орай жоғарыда аталған дерек құқық қорғау органдарын алаңдатып отыр. Өйткені, «Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» заңына сәйкес қару аңшы куәлігі болған кезде ғана беріледі. Сондықтан оны берудің түпнұсқалығы мен заңдылығы, сондай-ақ берілген қарудың аңшылықта пайдалану мерзімі — өзекті мәселе», - дейді ол.
Бұған дейін Әмірхан Рахымжанов елімізде аңшы куәлігін жыл сайын қайта тіркеу керектігі мәселесін көтерген еді .
Фото: static.ngs.ru