Қазақстанда 170 мың отбасы жаңартылған атаулы әлеуметтік көмек алды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» әлеуметтік шараларын жүзеге асыру аясында ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап жаңартылған атаулы әлеуметтік көмек алуға құжаттар қабылдау жүргізілуде. Өтініштер Жұмыспен қамту орталықтарында және ауылдық әкімдіктерде қабылданады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанда 170 мың отбасы жаңартылған атаулы әлеуметтік көмек алды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сәйкес, ағымдағы жылдың 1 сәуірінен 13 мамырына дейін «Е-халық» жүйесі арқылы барлығы 230 032 өтініш (1 242 954 адам), оның ішінде 181 652 (973 624 адам) жаңа өтініш қабылданды. 48 380 отбасыға (269 330 адам) бұрын тағайындалған сомаларға қайта есептеу жүргізілді.

Өтініш берушілердің басым бөлігі келесі өңірлерде байқалады: Түркістан облысында - 54 723 отбасы, Шымкент қаласында - 31 084 отбасы, Алматы және Жамбыл облыстарында 24 443 және 24 029 отбасы.

Бүгінгі күні 169 770 отбасыға жалпы құны 25,3 млрд теңге болатын жаңартылған форматтағы атаулы әлеуметтік көмек төленді.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атаулы әлеуметтік көмек өтініш берген айдан бастап тағайындалатынын және өтініш беру күніне тәуелді емес екенін еске салады.

"Елбасының тапсырмасына сәйкес, Қазақстанда 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап АӘК көрсету мөлшері күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан 70 пайызына дейін көтеріліп, 20 789 теңгені құрады. Бұл ретте, егер АӘК-тің орташа мөлшері отбасының әрбір мүшесіне бұрын 4 834 теңгені құраған болса, енді әр балаға 20 789 теңге төленеді. 2019 жылы атаулы әлеуметтік көмекке барлығы 130 млрд теңгеден астам қаражат көзделген", - делінген министрлік ақпаратында.